Емханада пациенттердің құқығын кім қорғайды?

Емханада пациенттердің құқығын кім қорғайды?
фото: ekaraganda.kz
(0 Votes)

Кейде пациенттер дәрігер кабинетінен немесе қабылдаудан соң мәселенің байыбына жету үшін бірден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласады. Олардың басым бөлігі емхана немесе ауруханада жұмыс істейтін Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне (ПҚІСҚ) сұрақтарын қойып, көмек ала алатындарын білмейді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облыстық филиалы мәлімдегендей, мұндай қызметтер меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдардың барлығында жұмыс істейді. (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-230/2020 бұйрығымен бекітілген медициналық қызметтердің (көмектің) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының 9-тармағына сәйкес жүзеге асырылады).

 Бұл қызмет немен айналысады?

Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі (ПҚІСҚ) медициналық көмекті ұйымдастыру мен медициналық ұйымның клиникалық қызметіне талдау жүргізіп, медициналық көмекті көрсету тәртібі мен стандарттарының бұзылуын, медициналық жағдайлар немесе медициналық қызмет көрсету нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілерін анықтап, азаматтардың өтініштерін қарайды. («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 35-бабы, 3-тармағы, 2-бөлігіне сәйкес).

ПҚІСҚ «осында және қазір» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ол даулы жағдайларды шешуге, пациенттердің құқығын қорғауға, қажет медициналық көмекті алуына жәрдемдеседі. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі туралы кеңес беріп, дәрігер тағайындауына қатысты сұрақтарды түсіндіреді.

«Қор пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруда. Себебі олардың қызметі медициналық көмектің сапасына азаматтардың қанағаттану деңгейіне әсер етеді. Барлығы бірдей жоғары инстанцияларға ресми өтініш жолдап, жауап күткісі келмейді. Сондықтан осындай жағдайларда пациенттің уақытын жоғалтпай, мәселені тікелей медициналық ұйымның ішінде шешуге мүмкіндік беретін қызмет жұмыс істейді. Мамандар жағдайды мұқият зерттеп, ең тиімді шешімді табады», – деп атап өтті ӘМСҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ганиет Салимгали.

 Егер сұрақ қосымша қарауды қажет етсе немесе қызмет оны шеше алмаса, азаматтар өңірлік денсаулық сақтау басқармасына немесе ӘМСҚ-ға төмендегі цифрлық сервистер арқылы жүгіне алады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • Telegram-бот @SaqtandyryBot;
  • Қордың ресми сайты: https://msqory.kz/.

Пациенттерді қолдау қызметіне қандай жағдайларда жүгінуге болады?

            -           Шұғыл көмек алу немесе учаскелік дәрігерге қаралу үшін сақтандырылған мәртебеңізді талап етсе;

            -           Учаскелік дәрігер болмағандықтан, қабылдауға кіру мүмкін болмаса (мысалы, жұмыстан шығып кеткен, ауырып қалған немесе қабылдауды тоқтатқан);

            -           Учаскелік дәрігер/мейірбике/фельдшер үйге шақыртуға бармаса, ал сіз осы емханаға тіркелген болсаңыз;

            -           Емханада бейінді маман болмаса немесе оның кеңесіне бір ай бойы жазыла алмайсыз десе;

            -           Медициналық көрсеткіштер бойынша тиесілі диагностикалық немесе зертханалық қызметтерге жолдама ала алмасаңыз;

            -           Талдау нәтижелерін көрсетпесе;

            -           Қабылдау кезінде дәрігер дөрекілік танытса немесе өзін лайықты ұстамаса;

            -           Көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбасаңыз;

            -           Қойылған диагноз немесе тағайындалған емге күмәндансаңыз;

            -           Дәрігер тағайындауы түсініксіз немесе тағы сұрағыңыз болса;

            -           МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді және жарналарды қалай төлеу керектігін білмесеңіз;

            -           Медициналық жазбаларыңызда қате ақпаратты немесе жалған жазбаларды анықтасаңыз;

            -           Жалпы медициналық ұйымның немесе қызметкерлердің жұмысына қанағаттанбасаңыз және басқа да жағдайларда жүгінуге болады.

Көптеген жағдайлар жазбаша шағым түсіруді қажет етпейді, олар қызмет мамандарының әрекетімен сол жерде шешіледі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды өз құқығын қорғауға белсенді болуға шақырады. Себебі уақытылы жүгінген кезде әділдікті қалпына келтіріп қана қоймай, жалпы денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға да ықпал етеді.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

 

       

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT