Күз келіп, күн суытқанда тұмау күш ала бастайды. Жөтелді елемей, уақытында емдемесеңіз, түрлі асқынуға соқтыруы ғажап емес. Сондықтан да аурудың алдын алу үшін тұмауға қарсы екпе алудың маңызы зор.
Елімізде 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Аудан бойынша маусымдық тұмауға қарсы екпені бүгінгі күнгі дейін 347 адам алды. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 142, жиі ауыратын балалар – 25, Д есепте тұратын балалар – 13, жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер – 24, 60 жастан асқандар – 28, Д есепте тұратын ересек адамдар – 115.
Тұмау – эпидемия және пандемия түрінде тез әрі кең таралатын, маусымдық жұқпалы ауру. Тұмауды жеңіл-желпі ауру деп қарауға болмайды. Халық арасында «Тұмау түбі – құрт» деп бекер айтылмаған. Себебі бұл ауруды уақытылы алдын алып, ем қолданбаса, түрлі қосымша дерттің асқынуына әкеліп соғады.
Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауыруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады.
Екі жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ ерекше қауіптілік тобындағы жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және созылмалы аурулары өршиді. Әдетте жүкті әйелдер тұмауға шалдыққан кезде балаға қанның жүруі күрт азаяды, осыған сәйкес бала жолдасы арқылы ұрық организміне оттегі аз беріледі. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауыруы жүктіліктің 12 аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті. Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауы немесе мерзімінен бұрын босанып қалуына әкеледі. Сонымен қатар баланың шала туылуының қауіптілігі жоғары болады.
Өкінішке қарай, жағдайы нашарлаған дер кезінде емдеу мекемесіне келмеген науқастарға қалыпты жағдайда жиі қолданылатын жекелеген препараттар көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан өз бетінше емделуге болмайды. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалысымен дәрігерді үйге шақырған жөн.
Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады.
Тұмауға қарсы екпе алу әлі жалғасуда, барлығыңызды екпе алуға шақырамыз! Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!
Г.ТӨЛЕПОВА,
аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері