Туберкулез – бұл өте ауыр инфекциялық ауру. Қазақстан Республикасында туберкулез әлеуметтік мәні бар аурулардың тізіміне енгізілгендіктен медициналық көмек пен ауруға қарсы ем мен дәрі-дәрмектер ТМККК аясында тегін беріледі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының жеткізушісі болып табылатын ШЖҚ КМК «Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде» облыстағы туберкулез сырқатымен күрес жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде.
«Атырау облысы бойынша 2020 жылдың 10 айында туберкулезбен жаңадан ауырған 285 науқас тіркелді, ал 2019 жылдың осы кезеңінде 368 науқас тіркелген болатын. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100,0 мың тұрғынға шаққанда 57,7-ден 43,9-ға дейін 23,9% төмендеген. Биыл облыс бойынша туберкулезбен белсенді топта 699 (2019 жылы – 848) адам есепте тұр, оның ішінде 494 көптеген дәріге төзімді туберкулез науқастар (2019 жылы – 583). Туберкулездің аурушаңдық (болезненность) 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші 133,1-ден 107,5-ке дейін 19,2%-ға, жаңадан ауырғандар арасында көптеген дәріге төзімді туберкулез 16,6-дан (106 науқас) 12,9-ға (84 науқас) дейін 22,3% төмендеген» - деп атап өтті Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, фтизиатр дәрігер Гүлжанат Сұлтанқызы Бекболатова.
1991 жылы туылған науқас Д.Н. Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне кеуде қуысының оң жағында ауырсыну, физикалық жүктеме кезінде жеңіл демікпе және дене қызуының көтерілуі мен жалпы əлсіздік шағымымен келген. Науқас өзін 2 аптадан бері аурумын деп санайды, ауруын салқын тигізумен байланыстырады. 02.06.2020 жылы кеуде қуысының жалпы шолу рентгенограммасында: «Оң өкпе жоғарғы бөлігі инфильтратты туберкулезі, экссудатты плеврит» диагнозы қойылады. Плевра қуыстарына ультрадыбыстық зерттеу кезінде оң жағында еркін сұйықтық табылды. Əрі қарай торакальды хирург кеңесіне жолданады. 09.06.2020 жылы тексерілу жəне емделу үшін Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің өкпе хирургиясы бөліміне жатқызылып, қажетті барлық клинико-лабораториялық, аспаптық зерттеулер жүргізіліп, 16.06.2020 жылы жоспарлы түрде жалпы эндотрахеялық наркозбен «Оң жақты диагностикалық қаптал торакотомия, оң өкпе S1- S2 резекциясы» операциясы орындалды.
«Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері ұжымына айтар алғысым шексіз. Менің қазіргі жағдайым жақсы, емімді толыққанды аяқтап жатырмын. Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансердің өкпе-хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Салыхова Әлима Әміржанқызына, анестезолог-реаниматолог дәрігер Каримов Жанкелді Губайдуллаұлына, торакальды фтизиатр Акимов Абунасыр Мұратұлына қажырлы еңбегі мен адалдығы үшін зор рахмет», — дейді науқас.
Атырау облысында 2017 жылы жергілікті мәслихат шешімімен бекітілген ережеге сәйкес әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратындарға отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысын есепке алмай, ай сайын әлеуметтік көмек төлеу туралы өзгерістер енгізілді. Туберкулез ауруына шалдығып, амбулаториялық деңгейде үзбей ем алып жүрген емделушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш (27720 теңге) көлемінде ай сайын әлеуметтік көмек төленді. Облыс бойынша 2020 жылдың 10 айында 932 науқасқа жергілікті бюджеттен 146,8 млн. теңге қаржы төленді.
Қазақстанда туберкулезді алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізілетіндігін ескерте кету қажет. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында туберкулезді толығымен емдеуге болады. Туберкулезді еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ
Атырау облысы бойынша филиалы
Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.
Байланыс орталығы – 1406
Сурет: ашық дереккөз