Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының ғимаратында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен 19 наурыз – «Зияткерлік күніне» орай жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлдегер атанған жергілікті оқушыларды марапаттау салтанаты болып өтті.
Аудан абыройын асқақтатқан оқушыларға алғыс хат пен арнайы сыйлықтарды бөлім басшысы Айбол Долдашев тапсырды.
Марапаттаудың соңы оқушылардың жақында құрылған «Парасат» ер мұғалімдер клубының мүшелерімен кездесумен жалғасты. Екі тарап «Олимпиадаға дайындық кезінде ұстаз бен оқушының жетістікке жету мүмкіндіктері» тақырыбында ой қозғады.
Пікір алмасу барысында шәкірттер білім бәйгесіне дайындалу жолында қандай қиындықтар кездесетінін айтып өтсе, ұстаздар осы бағыттағы өздеріне қажетті сұрақтардың жауабын алды. Нақтырақ айтқанда, олимпиадаға қатысатын пән таңдағанда оқушының еркіндігі, бұл додаға дайындықты қай сыныптан бастау керектігі және жүлдегер атанғандардың арасында неге ұл балалар жоқ екендігі сөз болды.
Тапсырмалары толықтай дерлік өзгеріп, биыл ерекше форматта өткен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданымыздан 27 оқушы қатысып, оның 9-ы жеңімпаздар қатарында болған.
А.Жұмабекұлы