Коронавирусқа байланысты 16 наурыздан бастап барлық колледждер мен ЖОО-лар қашықтан оқу режиміне көше бастаған болатын.
Бұл ретте басқа қалаларда білім алып жүрген біздің ауданның студенттері де үйіне оралып, оқуын өз шаңырағында онлайн режимде жалғастырып жатыр. Аяқ астынан келген хабарға студенттердің біразы әбігерге түсіп, билет табуға келгенде қиналып қалғанын жасырмайды. Әйтеуір аяғын пойызға бір іліктіріп алғасын, қымтырылып болса да, ауылға аман-есен жеткеніне разы.
Көкшетау қаласында Азаматтық қорғаныс жоғарғы көп салалы колледжінде білім алып жатқан М.Утеуов бүгінде екінші курс студенті. Ауылға жетісімен сабағын онлайн түрде жалғастырып жатқан ол білім берудің бұл әдісін бұрынғыдай әсерлі емес екенін айтады. Алайда, қауіпсіздікті алдыңғы орынға қойған басшылықтың бұл әрекеттеріне шәкірттер риза. Сабақ таңғы сегіз жарымнан түскі бір жарымға дейін созылады. Бұл үшін телефонға арнайы бағдарлама орнатылып, студент бейнебайланыс арқылы бақыланады. Ал дәріс жазылған дәптерді ұстаздар фото есеп арқылы тексеріп бағалайды. Әзірге студенттердің бұл режимде білім алуы 15-ші сәуірге дейін жалғасады деп жоспарлануда.
А.САДЫКОВ
Сурет: ашық дереккөз