Б.Қанатбаев атындағы мектебін 60 түлек аяқтады (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Ауданымыздағы іргелі оқу орындардың бірі Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде өткен салтанатты жиын «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» деп аталды. Мектеп ауласындағы алаңға бітіруші сыныптар, ұстаздар мен ата-аналар жиналды. Шара ұйымдастырушыларының мақсаты оқушылардың бойында туған өлкеге, мектебіне деген ерекше жауапкершілік сезім қалыптастыру, оқу жылының қорытындысымен жаңа жоспарға бағыт алу еді. 

Бұл білім ордасын биыл 60 оқушы аяқтағалы тұр. Олардың ішінде Анель Смадияр мен Ералы Бағытжанұлы «Алтын белгіге», Дильназ Асылбекқызы, Айым Валерий, Бақыт Ысқақова «Үздік аттестатқа» үміткер.

Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Айбек Сағынбаев команда бергеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Мемлекеттік Гимн ойналды. Кейін құттықтау сөзін алған мектеп директоры Азамат Дәулетқалиев: «Құрметті ұстаздар, ата-аналар, мектеп бітіруші түлектер! Сіздерді 2022-2023 оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Білім беру тарихында алғаш рет оқу кезеңі 31 мамырда аяқталып отыр. Біз ата-аналардың, ұстаздардың арқасында биылғы оқу жылын табысты аяқтадық. Сонымен қатар, биылғы соңғы қоңырау салтанаты 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесімен тұспа-тұс келуде. Қоңырау үні... Бұл үн білім кемесі – мектеп қабырғасынан шыққан әрбір адамның құлағына таныс жүрегіне жақын. Алғашқы қоңырау – балалық арманды жетелеп, білім алып, мақсатты айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үні – кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткенді арман биігіне ұшырып, үлкен өмір мектебіне шығарып салады. Мереке құтты болсын!», - деп түлектерге сәт сапар тіледі. Осы орайда аудандық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Дулат Тастаев та оқушылар мерекесіне орай жүрекжарды лебізін білдірді.

4 «б» сынып оқушысы Мунира Ибрагим «Ұстаз» монологын оқығаннан кейін мектеп қабырғасында жүріп мектепішілік, аудандық, облыстық деңгейге дейін шығып жүлделі орын алған олимпиада жүлдегерлері мен мектептің қоғамдық шараларына белсене араласқан түлектерге құрмет көрсетілді. Оларды Азамат Дәулетқалиев, Дулат Тастаев және мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Раиса Калиева арнайы белгімен марапаттады.

Кейін түлектердің атынан «Алтын белгіге» үміткер Ералы Бағытжанұлы мен «Үздік аттестатқа» үміткер Дильназ Асылбекқызы, бастауыш сыныптарда тәлім берген алғашқы ұстаздардың атынан Ләззат Кейкешева, сынып жетекшілері атынан Гүлістан Утеева және ата-аналардың атынан Алмажан Мұрзағалиева мен Айсұлу Мантаева сөз сөйледі. Оқушылар ұстаздарына алғыс айтса, ұстаздар шәкірттеріне жолдары ашық болуын тіледі.

11 сынып оқушылары Ернар Серіков, Бипатша Жолдасқалиева және Альмира Ғабитқызының қолынан «Аманат туын» қабылдап алу құрметіне 10 сыныптың оқушылары Шыңғысхан Әбілқан, Азиза Текеева және Бибінұр Өтеген ие болды. Сонымен қатар «Білім кілті» оқу озаты Әнел Смадиярдың қолынан Мұхаммедәлі Серікке жолданды. Ал соңғы қоңырауды жас түлек Ералы Бағытжанұлы мен 1 сынып оқушысы Айзере Талғатқызы соқты.

Солайша тағы бір оқу жылы артта қалып, мектеп бітіруші жастар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтарын бастап кетті. Енді олар қалаған оқу орнына түсуге қадам жасап, үлкен өмірге қанат қақпақ.

А.ЕСЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT