Дуальды білім беретін колледждердің студенттеріне бірінші және екінші курстан бастап мамандығы бойынша жұмыс істеуіне рұқсат етілуі мүмкін. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында көрстеліген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіпорынның өтінімі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында негізгі орта білім беру базасында оқуға түскен талапкерлер үшін дуальды оқыту бірінші немесе екінші курстан басталады. Дуальды оқыту ұйымдастырылған жағдайда екінші курстан бастап қалған оқу курстарына дуальды оқыту талаптарына сәйкес білім беру бағдарламасы қайта қаралады», - деп жазылған жаңа редакцияда.
Қолданыстағы талап бойынша студенттер дуальды оқыту туралы шартына сәйкес еңбекке араласатын. Жалпы дуальды білім беру – бұл колледждегі теориялық білім мен жұмыс орындары арқылы кәсіби тәжірибені ұштастыруға бағытталған жүйе. Енді ұсынылып отырған өзгеріс күшіне енсе, онда студенттер саласына сай, шарт жасасқан кәсіпорындарда 1 немесе 2-курстардан бастап еңбек етіп, тәжірибе жинақтай алады.
Сонымен қатар, бұйырыққа қосымша дуальды оқытуды енгізу үшін ұсынылатын техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтарының тізбесі ұсынылған. Олармен мына сілтемеге өтіп, танысуға болады.