Мақсатты білім беру тапсырысы кадр тапшылығын жоюға сеп болады. Жоба аса жоғары сұранысқа ие мамандарды дайындауға бағытталған.
Қазір елімізде аспаз, кондитер, дәнекерлеуші, токар сынды мамандықтар жеткіліксіз. Биыл астаналық колледждер 600-ден астам студентті тапсырыс шеңберінде қабылдайды. Бұл бағдарламаға 12 оқу орны қатысады.
Елдана Астанадағы колледждердің бірінде оқиды. ІІ курс студенті. Болашақ аспаз-кондитер. Мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде грантқа ие болған. Оқуда озат бойжеткен болашақта өзі таңдаған мамандығын жанына серік етуді жоспарлап қойған.
Елдана, студент:
- Мені 2022 жылы жұмыс берушілер емтихансыз және де сұхбаттасу арқылы оқуға қабылдаған болатын. Алдағы уақытта мен колледжді бітірген соң осы жерге жұмысқа тұрамын деген мақсатым бар.
Мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы былтыр қолға алынды. Астанадағы Қазтұтынуодағы жоғары колледжіне өткен жылы тапсырыс аясында 79 студент қабылданды. Биыл олардың саны 150-ге жетіп отыр. Жастар мұнда аспаз, кондитер, сатушы, ІТ бағдарламашы сынды мамандықтар бойынша білім алуда.
Мырзабек Қожымов, Қазтұтынуодағы жоғары колледжінің директоры:
- Бұл мақсатты дайындауда жұмыс берушілер, кәсіпорындар өздері таңдайды, өздері әңгімелеседі өздері қабылдап қабылдау комиссиясының мүшесі ретінде, әңгімелесу ретінде өткізеді. Білікті маманды даярлау тек қана білім мекемесінің міндеті емес. Оны бірігіп дайындау керек. Мақсатты тапсырыспен дайындау, бұл дуальді оқыту жүйесінде ғана дайындалады.
Бұрын жұмыс берушілер, мысалы, кәсіпкерлер стажы жоқ деп жұмысқа қабылдамайтын. Жаңа тәртіп бойынша, жаңа заң бойынша жаңағы жұмыс берушінің базасында өткен кәсіби практиканы қазір стаж ретінде саналады. Жұмыс берушілер үшін де тиімді. Олар қабылдау комиссиясының құрамына еніп, мамандыққа бейімі бар жастарды өздері таңдайды. Және оқу бағдарламасын құруға қатысады. Бұл оларға кадр тапшылығын жоюға жол ашты.
Галина Васильева, супермаркеттер желісінің HR-менеджері:
- Маман тапшылығы барлық жерде бар деп ойлаймын. Оның үстіне біз тұрақты түрде кеңейіп келеміз. Сондықтан, маман тапшылығы міндетті түрде туындайды. Жас мамандар әрине барлық жерде қажет. Бізге көбінесе маркетолог, аспаз, кондитер, наубайшы керек. Мемлекеттік тапсырыс арқасында біз өзімізге қажет маманды дайындау мүмкіндігіне ие болдық.
Мақсатты мемлекеттік тапсырыс шеңберінде маман даярлауға былтыр 58 кәсіпорын қатысты. Қазір Елордадағы 12 колледжде 528 бала білім алуда. Ал биыл 44 кәсіпорыннан өтінім түсті. Олар 607 маманға сұраныс жасады.
Ақмарал Хон, Астана қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл жерде колледжден шыққаннан кейін қайда барамын, мені кім алады деген сұрақтар туындамайды. Бұл жерде ата-ана да біледі, студент те біледі қай жерге барып, қай жерде жұмыс жасайтынын. Бірінші мақсаты – бұл жерде, жұмысқа тұру проблемасының шешілуі. Биылғы оқу жылының жаңалығы – шағын бизнес өкілдері де өтінім беруіне болады. Былтыр тек ірі және орта бизнес қатысқан.
Мамандардың айтуынша, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, теміржол, ІТ технология саласы мамандықтарына сұраныс жоғары болып тұр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл тапсырыс шеңберінде 10 мың студент қабылданады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Жандос Битабаров, Серік Қоңырбаев 24.kz