Аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Кім жүйрік?» интеллектуалдық ойыны өткізілді.
Сайыс Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау мақсатында және атаулы тұлғалардың құрметіне арналды. Сондықтан шараның ресми бөлімі басталмас бұрын аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» тақырыбында түсіндірме жүргізді.
«Қазір білекті – бірді, білімді – мыңды жығар деген мақалдың әділдік құрған заманы. Біздің жастар білімді, интеллектуалды ортаны жаны сүйеді. Мұндай сайыстар жаңа дос, қызықты орта табуға көмектеседі», - деген жүргізушінің сөзінен кейін көрермендерге білім бәйгесін түсетін топтар таныстырылды.
Олар: Доссор мәдениет үйінен келген «Біз жүйрік», аудандық орталық кітапхананың намысын қорғаған «Оқу озаттары», «Жасыл ел жасағының құрамасы» және әртүрлі сала өкілдерінен жасақталған «Куиздестер» тобы еді.
Топтар алғашқы турда сан тақырыпты қамтыған блиц сұрақтарға, екінші турда логикалық сұрақтарға, үшінші турда тестке жауап берді. Сұрақтар экраннан да көрініп, сайыстың аты айтып тұрғандай жылдамдық танытқандар бірінші жауап беру мүмкіндігіне ие болды.
Марпаттау салтанатының алдында аудандық мәдениет үйінің әншісі Жасұлан Сисембаев «Мақат жастары» әнін орындады. Ұпайларды есептей келгенде «Біз жүйрік», «Оқу озаттары» және «Жасыл ел жасағының құрамасы» алғыс хаттарға ие болып, қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан «Куиздестер» жеңімпаз боп танылды. Барлық қатысушыларға аудандық мәдениет үйінің атынан естелік сыйлықтар берілді.
Д.Қанатова,
аудандық мәдениет үйінің қызметкері