Атыраулық оқушылар эко сусабын жасап шығарды

(0 Votes)

Атырау қаласындағы Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінің оқушылары табиғи сусабын жасап шығарды. Табиғи сусабынның ерекшелігі сол, оның құрамында сульфат, хлорид сынды зиянды химикаттар жоқ.

Оқушылар экосусабынды JasSpace кеңістігінде өткен «Мәңгі тірі су» жазғы қарқынды курсында жасап шығарған.

«Біз өнімге «Eco-way» деген атау бердік. Эко сусабынды Аружан Абдулгазиева, Бибінұр Ғабдыжан есімді достарыммен бірлесіп жасадық.   Әмбебап сусабынды табиғи қоспалар және органикалық заттардан жасап шығардық. Біздің сусабынымыз шашты нәрлендіру, қайызғақтан тазарту қасиетіне ие. Өзіміз жасап шығарған сусабынды өзім алаңсыз қолданып жүрмін» дейді жас ғалым Уалитхан Батырбаев.

«Мәңгі тірі су» жазғы қарқынды курсының тренері Әсел Оңдашеваның айтуынша, оқушылар жасап шығарған экосусабынды кішкентай балаларға да қолдануға болады.

«Қазіргі сусабындарда көп кездесетін сульфаттар көп жағдайда аллергия туғызып, шаштың түсуіне әкелуі мүмкін. Ал, менің оқушыларым жасап шығарған сусабын органикалық заттардан тұратындықтан, ол қауіпсіз. Көзді де жасауратпайды. Сондықтан, оны кішкентай сәбилерге де қолдануға болады. Алға қарай бұл жобаны жетілдіру жоспарда» дейді тренер Әсел Оңдашева.

Еске сала кетелік, 7-11 сынып оқушыларына STEAM бағытта білім беруге арналған JasSpace бағдарламасын Chevron компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отыр.

Баян Жанұзақова



ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT