«Жаңа оқу жылында атыраулық 150 түлек облыс әкімінің гранты бойынша тегін білім алады» деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен Білім беру грантын беру жөнінде конкурстық комиссияның отырысында белгілі болды.
Жиын барысында облыс әкімі грантына өтініш берген үміткерлер тізімі қаралды. Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтың айтуынша, өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облыстық бюджет есебінен денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша білім беру гранттары бөлініп отыр. Биыл конкурсқа қатысуға 186 талапкер өтініш берген.
Әкім грантын иеленген түлектердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Атап айтқанда, облыс әкімінің грантын жеңіп алған 150 түлектің 52 -сі «М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне» түссе, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде» білім алуға 2 жас грант ұтып алды. 8 түлек «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне, ал, 86 жас Атырау мемлекеттік университетіне, 2 жас Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Айта кетейік, биыл облыс әкімінің білім беру грантының алғашқы иегерлері оқуларын бітіріп, жергілікті жұрт игілігі үшін жұмыс істеуге дайын.
Сондай-ақ, грант иегерлерінің тізімін төмендегі сілтеме бойынша өтіп көруге болады: https://asu.edu.kz/media/news/11513/