54 талапкер грант жеңіп алды

(0 Votes)

Биыл елдегі ахуалға байланысты білім саласында да біраз өзгерістер болды. Мектептегі оқу жүйесіне жаңа тәжірибе енгізіліп, оқушылар қашықтан оқытыла бастады. Мектеп бітіруші түлектердің салтанатты шаралары мен Ұлттық бірыңғай тестілеу қатаңдатылған талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Биыл аудан бойынша 230 түлек мектеп бітірген болса, 14 оқушы «Алтын белгі», 9 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал,  220 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты.

Сынақ қорытындысы бойынша бабы шапқан оқушылар мемлекеттік білім грант конкурсына құжат тапсырған болатын. 15 тамыздан бастап ата-ана күткен, талапкер тосқан жаңалық та жария болып, мемлекеттік білім грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

Білім грантын иелену – көптің арманы. Биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға мемлекет тарапынан 53 864 грант бөлінді. Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына – 12915, бейінді магистратураға – 710 және PhD докторларын даярлауға 2 355 грант бөлінген. Ал инженер кадрларын даярлауға – 14681 грант. Бұл – биылғы ең көп грант бөлінген сала. Соның ішінде құрылыс мамандықтарына – 2500, электротехника және энергетика мамандықтарына – 1800, тау-кен өндірісіне 1702 грант қарастырылған. Сәйкесінше, педагогикалық кадрлар даярлауға 8243 грант бөлінді. Сондай-ақ жаратылыстану, математика және статистика салаларына – 4088, ақпараттық-коммуникациялық технологияларына – 3815, денсаулық сақтау саласына – 2700, ауыл шаруашылығы үшін – 1565, іскерлік, басқару және заңгерлік мамандықтарына 979 грант бөлінген болатын.

Аудан бойынша мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысқан оқушылардың 54-і білім гранты иегері атанды.

А.Құнанбаев атындағы орта мектептің түлегі Нәзерке Жәнібекқызы үшін бұл күтпеген тосын сый болды. ҰБТ-дан 89 балл еншілеген ол мемлекеттік конкурсқа қатысқан болатын. Енді ол арман қуып, Алматы қаласында білімін жалғастыратын болады.

zhnbekyzy-nazerke

– Мен өзімнің жинаған балымды аса жоғары деп санаған жоқпын. Бірақ бұйырмыстан артық ештеңе жоқ. Конкурс кезінде қалайда мемлекеттік грант алуды ойладым. Солай төрт түрлі мамандық бойынша құжат тапсырдым. Ең бірінші, Алматыдағы  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне математика және статистика, сондай-ақ, математика пәнінің мұғалімі мамандығын белгілеген болатынмын. Халық шаруашылығы университетіне ақпараттық технологиялар, Қ.Сәтпаев атындағы  қазақ ұлттық техникалық университетіне ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарын таңдадым. Конкурс нәтижесінде халық шаруашылығы университетіне оқуға түсіп, мемлекеттік грант иегері атандым. Осылайша мен арманыма алғашқы қадам бастым. Ата-анам, ұстаздарым, барлық жақын тілеулестерім қуанып жатыр, – дейді Нәзерке.

Ал, ҰБТ-дан 98 балл жинаған М.Баймұханов атындағы орта мектебінің түлегі Сәт Нұрбергенов өзі армандаған оқу орнына оқуға түсті. Ол енді студенттік өмірді Алматы қаласында өткізетін болады.

nrbergenov-st

«Конкурс кезінде Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін, Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін, энергетика және байланыс университетіндегі ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік факультеттерін таңдадым. Қалайда Алматы қаласында оқысам деген арманым болды. Конкурс нәтижесінде Алматы қаласындағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне «IT» мамандығы бойынша грантқа түстім»,- дейді Сәт Абзалұлы.

Жас талапкерлерге білім жолында қанаттарың талмасын дейміз.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521