Жауабы жоқ соғысқа қатысқан жауынгер

(0 Votes)

Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 30 жыл толды. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғап, жауабы жоқ соғысқа қатысқан жаны жаралы жандар арамызда жүр. Солардың бірі – Доссор кентінің тұрғыны Нұрлан Маулемберлиев.

Ол оқ пен оттың ортасында 1 жыл 6 ай жүрген.

Нұрлан Алдонғарұлы 1960 жылы 18 қыркүйекте мұнайлы Доссор мекенінде дүниеге келген. Кенттегі сегіз жылдық Абай орта мектебін 1972 жылы тамамдайды. Кейін, №2 Доссор орта кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түсіп, 1975 жылы автослесарь мамандығын алып шығады. Кейін, Доссор автокөлік кәсіпорны жанынан «көлік жүргізуші куәлігін» оқып, аталмыш кәсіпорында жұмыс істеді.

Уақыт өте келе 1979 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын шекара асып, Чехословакия елінің Елшава қаласында өтейді. Осы жылдың желтоқсан айында Ауғанстан жеріне ерікті түрде соғысқа алып кетеді. Содан Кеңес әскерлерімен бірге ауғандықтармен соғысады. Әскерде жүргізуші қызметін атқарғаннан кейін, ол жаққа мамандық бойынша жіберіп, Нұрлан Алдоңғарұлы соғыста жүргізуші болды. Ауған жерінде бір жарым жылға жуық қызмет етіп, ерлік үлгілерін көрсеткен, жеке құрам ішінде ерекше абыройға ие болған. Ұрыс даласынан 1981 жылдың шілде айында босатылады. Туған жерге аман-есен оралған соң, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-на көлік жүргізуші болып жұмысқа тұрып, әлі осы салада мұнай мекемесінде қызмет етіп келеді. Отбасында жұбайымен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, солардың қызығын көруде. Кейіпкеріміз үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанымызға, балаларының соғыс көрмей, түн ұйқысының тыныштығына шүкіршілік етеді. «Мұндай соғыс енді ешқашан болмасын. Әлі күнге сол күндердің жаңғырығы санамда. Бұйрықпен жіберілсек те, Отан қорғадық деп есептейміз. Отан қорғау — ердің парызы! Біздің тәрбиеміз солай!»-дейді, ардагер.

Кейбір деректерге сүйенсек, совет-ауған соғысына 22 мың қазақстандық қатысқан. Солардың ішінен елге оралған 18 мың жауынгердің жүрегіндегі соғыс салған сызатты кетіру мүмкін емес. «Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, өрімдей ұландар жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, жандарын жаралағаны рас. Ал ерлікті ұлықтау, насихаттап, құрмет көрсету бүгінгінің парызы. Өмір сүре білудің қадірін бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар білер. Сондықтан олар жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521