Жаны жайсаң Жәнібек еді

(0 Votes)

1980 жылдың маусымы. Гурьев қаласы. Түсқайта орталықтағы қонақүйдің төртінші қабатындағы жеке бөлмеге орналасып, тамақтану үшін төмендегі кафеге түсіп келе жатқанмын.

Кең дәлізге аяқ басып, солға бұрыла бергенде артымнан бір қуатты қол қапсыра құшақтап алды да: «Мен кіммін, айтшы!» деп гүр-гүр етті. Таныс дауыс. Кідірмедім: «Сансызбай сері емессің бе?»- дедім. «Өй, қырсық!(оның жиі айтатын сөзі) Дәл таптың»- деп қолын босатты. Ақкиізтоғай топырағының түлегі, ақын-журналист Сансызбай Естеков Қойлыбайұлымен кездеспегеніме аттай алты жыл болыпты. Ол арқа-жарқа көңілімен: «Қасымдағы Мақаттың майталманы Жәнібек Аманғалиев деген жігіт. Мұндай мықтыны жер бетін жеті айналсаң да, таба алмайсың» деді көтеріңкі дауыспен.

Үшеуміздің кафедегі отырысымыз түн ортасына дейін созылды. Ішіп-жеп, айналаны у-шуға толтырып жатқан ешкім жоқ. Өткен-кеткенді қамтыған әсерлі әңгіме тиегі молынан ағытылып, уақыттың біршама жерге барғанын да сезбей қалыппыз. Сансызбай төрт, Жәнібек бір жас үлкен болғасын, ілкі құрмет рәсімін мен бастағанмын, одан әрі Жәнібек іліп әкетті. Сәкең: «Қарт қойнында қалаш бар ғой»- деп отырысты сәнімен қорытындылаған-ды. Сол сәтте байқағаным: Жәнібектің ақжарқындығы, ашық қолы, бақай есепті білмейтіндігі. Марқұм осы қасиеттерінен қыл елі ауытқымай кетті ғой. Ұстыны бөлек, ұстанымы нық азамат дерсің оны!

Сонау бір жылдары Мақат пен Ембі қосылып, «Мұнайшы» газеті тарап, оның кейбір журналистері «Ембі» газеті редакциясының ұжымына қабылданып еді. Атап айтқанда, Жәнібек Аманғалиев Есқабылұлы мен белгілі ақын, Доссордың келіні Шәмшия Жұбатоваларға Мақат өңірін қамту міндеті жүктелді. Мен ол шақта «Ембінің» тілші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінде әдеби қызметкермін. Біздер жұрттан бұрын араласып, бір атаның балаларындай болып кеттік. Бұған септігін тигізген жай Жәнібекпен Гурьевте кездесуім-танысуым және ол достықтың одан әрі үзілмей жалғасуы. Шәмшияның ашық-жарқын қабағы, ойлы өлеңдеріне деген ғашықтығым болатын. Екеуі де Жылыойға келгенде алдымен біздің үйден дәм татқан-ды, ал Жәнібек газетте өткен жылдарында, кейін Құлсарыдағы радио торабында ұйымдастырушы болғанда жанұямыздың тұңғыш «баласына» айналды.

Жастайынан өлең-жырға, жазу-сызуға аңсары ауып, кейін талпынысын «Мұнайшыда» ұштап, одан әрі сүйген қызметінен қол үзбей, ҚазМУ-де білімін молайтқан Жәнібек қай тақырыпқа да еркін енді. «Ембінің» босағасын аттағанда оның жүрдек қаламына әріптестері ерекше риза болып, кемеліне келген қарым-қауқарын терең сезінді. Кейбіреулердің көп күндер бас қатырып жазғаны редактордан «боялып» шығып жатқанда, Жәнібектің хабар-ошар, мақаласына ешбір сызат түспейтін. Журналисті аяғы асырайды дегенмен, әр тұста таныс-біліс адамың болмаса, ілгері басқан қадамыңның кібіртіктей беретіні жасырын емес. Бұл ретте Жәнібектің алдына ешкім шықпайды-ау деймін. Әлі есімде, ол «Қосшағыл», «Қазақстан» совхоздарына іссапарға барып келіп еді, ертесіне Жәнібекті іздеп редакцияға телефон соққандарда есеп болсайшы, күн сайын Жәкеңді іздеп он шақты адам келетінін көзіміз көрді. Әрине, Жәнібек оларға ат-шапан сыйлаудан аман, тек жолыққан пенделерді жомарт жүрегімен, пәк тілегімен баурағаны даусыз. Солардың бәрі Жәнібек өмірден өткенде: «Әбеке, ауыр қайғы қабырғамызды қайыстырды, біздің көңіл айтуымызды әулетіне жеткізуді өтінеміз»- деген-ді. Әрине, жылыойлықтардың бұл тілегі ұмыт қалмады. Зайыбы Зәруге, бала-шағасына жеткізгенмін.

Кейде ағыл-тегіл, кейде моп-момақан қалыпта жүретін Жәнібек қай істің де ыңғай-ығысын жақсы білетін. Бір нәрсеге шұқшия зер салса, соны тиянақты аяқтау ниетінен әсте айнымайтын. Әлі есімде, Құлсарының 4-ауылындағы біздің үйде жатқанда бір бөлмеге еден салып берген-ді. -Шебер іздеп әлек болма, өзім жымдай қыламын, ақшаңды маған бер,-деп жарқылдай күлгені жадымнан кетпейді. Сөйтіп, таңғы алтыда бастаған жұмысын сол күні ымыртта аяқтап тастаған болатын. Өзінің қоңыртөбел күйін үлде мен бүлдеге бөленгендердің өмірінен әлдеқайда артық санайтын. Қоңыр шалбары мен ақшыл кроссовкасын апта сайын тазалайтын, әбден түтесі шыққанша киді-ау деймін. Мамырдағы мерекеде: -Жәке, мына галстук пен көйлекті өзіңе сыйладым дегенде, оның: міне, керемет! Тура менің тапсырысыммен жасалғандай, қатып кетті. Бұл жақсылығыңды ұмытпаспын,-деп мәз болғаны есімде.

Туа бітті талантымен тамсандырып, облыс баспасөзінде, «Мұнайшы», «Ембі», «Мақат тынысы» газеттерінде татымды дүниелерімен қалың оқырманды баураған жалынды журналист, сыршыл ақын Жәнібек Аманғалиев Есқабылұлы бүгінде арамызда жоқ. Қатал тағдыр тәтті тірлігін үзбегенде асқаралы алпыс жастың асуына шығып, әріптестері мен ізбасарларының ортасында төбедей болып отырар еді. Ол туралы әлі талай естеліктер жазылады. Өйткені, Жәнібек жүректер төріне мәңгі орныққан жан.

Ә.ЖӘҢКЕЙҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласы үздігі,

Жылыой ауданының Құрметті Азаматы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521