«Заң төбедегі» думанды күн

(0 Votes)

 Рамазан айы – барша мұсылмандар үшін қасиетті ай. Сол себепті бұл айды күллі мұсылман ерекше ыждахатпен қарсы алып, әр күнін мәнді өткізуге тырысады.

Осы орайда аудан орталығындағы «Мұнайшы газетіне алпыс жыл» көшесінде «Заң төбе» жастарының ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Берекелі Рамазан» атты мерекелік іс шара өтті. Шараға Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов пен аудандық орталық мешіттің бас имамы Біләл Сағындықов арнайы шақырылды.

Мерекелік думанға аталған көшенің тұрғындары ұлттық киіммен келіп, кеш көркін кіргізуге ұйымшылдықпен атсалысты. Ол жерде киіз үй тігіліп, ораза ұстаған жандар үшін ауыз ашарға ақ дастархан жайылды. Балалар да назардан тыс қалмай көңіл көтеру үшін арнайы батут құрылды.

Шара басында алдымен ауыл үлкендері сөз алып, ақ баталарын жаудырды. «Ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жастар арасында насихаттау өнегелі іс. Ең бастысы ата салтымызбен өмір сүру – ұлттығымыздың басты міндеті. Осындай игі шара қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Ұстаған оразаларыңыз мен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!»,- деп тілектерін жеткізді ауыл ақсақалдары.

Одан соң, мерекелік шара ақ жаулықты әжелердің ұршық иіру жарысына ұласты. Олар жиналған жұртқа ұмыт қалып бара жатқан ұлттық қолөнерімізді дәріптеп, өздерінің ісмерлігін көрсетті. Одан әрі ер азаматтар гір тасын көтеріп, қол күресуден жарысты. Жарыстан ақсақалдарда қалыс қалмай, күш сынасып, кейінгі жастарға үлгі боларлықтай үлгі көрсете білді. Одан бөлек, ұйымшыл көше тұрғындары ләңгі тебу және асық ату ойындарын насихаттап, кешті жандандыра түсті. Бұл ұлттық ойын түрлерін де жас-кәрі демей, барлық жиналған ер азаматтар ойнап, жарысқа түсті. Ондағы мақсат - жаһандану дәуірінде кейбір ұлттық ойындарымыздың ұмыт қалып бара жатқандығын ескеріп, балалардың қызығушылығын арттыру болды.

Мерекелік сайыстарды ақсақалдар бата беріп жарысып қорытындылады. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталып, естелік және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Айта кетейік, мерекелік кешке әдемі ұлттық киім киіп келген жандар да арнайы сыйлықтан құр қалмады.

Іс шара барысында өнерпаздар домбырамен ән салып, балалар да өз өнерлерін ортаға салды. Ауыз ашар уақыты таяғанда барлығы киіз үй ішіндегі дастархан басына жиналды. Осы сәтте ауданның бас имамы Біләл Сағындықов Рамазан айының қадір-қасиеті туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Аталған шараға жиналған жұрт ұйымдастырушыларға рахметін айтып, ризашылықпен тарқасты. Айта кетейік, іс шараға жиналған қаражаттың артылғаны қайырымдылыққа жұмсалатын болады.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT