Мерекеде түрлі сала ардагерлерінің басын дөңгелек үстел басына біріктіру - Мақат кенті әкімі Е.Ермағамбетовтың әдетіне айналғандай.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ербол Қонысбайұлы алдыңғы буынның алғысына бөленді. Ол кентіміздің бір топ белсенді азаматтарына өзінің де алғыс һәм құттықтау хатын табыстады.
Ұлттық мерекемізді ұлығылау сәтінде кент әкімшілігінің үлкен мәжіліс залы қазақы нақышпен сән-салтанаты жарасқан бөлмеге айналып шыға келді. Құдды алты қанатты ақ орданың іші дерсіз. Шараның көркін қыздыруға Мақат балалар өнер мектебінің қыз-жігіттері де аянып қалмады. Бірі халық әндерін қалықтата шырқап, енді бірі қос ішектен күй төгіп жарысты. Сан ғасырлардан сыр ақтаратын сыбызғының үніне елтімеген жан болмады.
Отырыстың көркін әрі қарай ақындар айтысы қыздырды. Жергілікті ақындар Н.Сарбасов пен Ә.Садықов әдемі айтыс үлгісін көрсетіп, қариялар жағын күлкіге қарқ қылды. Шашасына шаң жұқпаған шайырларды жергілікті кәсіпкерлер де қолдаудан жаңылмай, демеушілік танытты.
Рет-ретімен мерекелік лебіздерін білдірген аға-апалар өздері еңбек еткен саланың кешегісіне тоқталып, қиын сәттерді ауызбіршілікпен жеңе білгенін еске алысты. "Мерекелеріңіз тағы да құтты болсын. Біздің бүгінгі көргеніміз бен сіздердің өткерген жолдарыңыз тіптен бөлек. Қазір барлығына қолжетімді, байланысу оңай. Сіздердің қиын шақтарда көрген бейнеттеріңізді ойға алыссақ, біздерге қанат бітіретіндей. Аман жүріңіздер!",-деп қорытындылады кент әкімі Е.Ермағамбетов.
А.НҰРИАХМЕТ