Біздің өлке – тоғыз жолдың торабы болған киелі құт-мекен. Осы жерде қаншама адам еңбек етіп, өз несібесін табуда.
Қазақта «Еңбек ер атандырады» деген аталы сөз бар. Осындай өнегелі сөзге теңеу болар біздің елдің марғасқа ағалары да аз емес. Солардың бірі - жарты ғасырға жуық уақыт бойытеміржол саласында еңбек етіп келе жатқан Асылбек Оңайбаев.
Осынау қиын да қызықты мамандықты таңдаған Асылбек Есболұлы бүгінде кәсібінің несібесін көруде.
Қойнауы қара алтынға бай Мақаттың мұнайлы топырағында дүниеге келген кейіпкеріміз жастайынан оқу-білімге құмар болған. Оның балалық шағы да есті естеліктерге толы десек артық айтпаймыз.
«Әкем Есбол Оңайбаев сұм соғысты көзімен көрген соғыс ардагері. Қан майданнан аман-есен оралған соң, жеңістің қалай келгендігі туралы құлағымызға сіңірді» - дейді Асылбек Есболұлы.
Ал анасы Талжібек Дәулетова кәсібі мен ошақ қамын қатар алып жүрген нағыз қазақ әйелінің символы болған. Өнегелі отбасында тәрбиеленіп, білім алған Асылбек ағамыздың тегін адам болмайтындығы айдан анық еді.
Мамандық таңдау – жауапты іс. Асылбек Есболұлы ер жеткен шақта темірдей қатал тәртіпті талап ететін теміржол саласын еш ойланбастан таңдаған. Аумалы-төкпелі заманда мектепті аяқтай салысымен еңбекке ерте араласқан.
«Біз өмір сүрген заман құбылмалы болды. «Екі қолға бір күрек», дегендей, еңбекке ерте араластым. Алғаш еңбек жолымды 1981 жылы МЧ-14 мекемесінде бастадым. Бір жылдан кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанған болатынмын. 1982-1984 жылдар аралығында әскери борышымды өтедім. Ал, әскерден келген соң 1984-1986 жылдар аралығында Локомотив пайдалану депосының автомат цехында жұмыс жасадым. 1986 жылдан бастап ПТО ұжымына слесарь боп орналасып, кейін тынымсыз еңбек ете жүріп, вагон қараушы қызметіне ауыстым»,- дейді кейіпкеріміз.
Еңбегіннің жемісін көріп, әрі қарай мамандығының баспалдақтарына көтеріле берген ол кейіннен аға вагон қараушы лауазымына тағайындалған.
Кейіпкеріміз теміржол саласы темірдей тәртіп пен үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтады.
«Жалпы, тоғыз жолдың торабы саналатын Мақатта халықтың басым бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Теміржол саласы темірдей тәртіпті талап ететін, қиындығы мен қызығы қатар жүретін келелі сала. Бір күнің бір күніңе ұқсамайды. Әр күн жаңа оқиға, жаңа тәжірибе. Алдыңғы толқын ағалар, үзеңгілес достарымыз, жалынды жастардың басы бір қазанда біте қайнап, жолаушылардың тасымалы үшін аянбай еңбек етуде.
Күн демей, түн демей кезекке шығып, жылдың мезгіліне қарамай жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі үшін жауап беру – үлкен іс. Әрбір темірді жай соғып қана қоймай, тырс еткен дыбыстан вагон ақауын бірден байқау қырағылықты талап етеді» – дейді өз ісінің майталманы атанған Асылбек Есболұлы.
Бұл ретте айта кетейік, өз отанында жапырағы жайылған ағамыздың өмірлік жары Гулзира Аждембаева да осы салада қызмет еткен. Бүгінде зейнеткерлік демалыста.
Бір отауда, бір ұжымда қол ұстасып өмір сүріп жатқан отбасы қиындықтарды бірге жеңіп, кәсіптің несібесін бірге көруде. Ұл мен қызды ұлықты қылып тәрбиелеген ағамыздың ұлы бүгінде өз отауын құрған. Қазіргі күнде үш бірдей немере тәрбиелеп отырған ата мен әже. Ал қызы биыл қолына диплом алып, жас архитектор атанғалы отыр.
Адал еңбек етіп, ел алғысын алып жүрген ағамыздың кәсіпте жеткен жетістіктері де жетерлік. Атақ емес, абыройды биік қоятын Асылбек Есболұлы бірнеше рет вагон қозғалысы кезіндегі ақауды бірден байқап, арнайы сыйлықтармен марапатталған. Тіпті бүгінде оның ерен еңбегі арнайы құрмет тақтасына да ілінген. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамынының «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» атты арнайы төс белгісімен де марапатталған.
Ісіне деген аса жауапкершілік пен мамандығына деген махаббат бүгінде оны биік белестерге жетелеуде. Елдің адал еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда алатын орны қашан да ерекше, абыройы биік.
Халық еңбекке құштар болса, ел ырысқа кенеліп, еліміздің ертеңі жарқын болмақ.
Сондықтан қазақтың әрбір жалынды жасы Асылбек ағамыздай ісіне адал, еңбекқор болса игі.
Ж.Қамза