Өткен аптада аудан орталығында өткен ауыл әйелдерінің аймақтық форумында бір топ аналар үздік болып танылған болатын. Үздіктер қатарында жерлесіміз, аудандық жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесінің қызметкері, бөденелік мекежанова Назымгүл Мейрамғалиқызы да бар. қазан айының соңғы жексенбісі күні аталып өтілетін әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Назымгүл Мейрамғалиқызымен әңгімелесудің сәті түсті.
1976 жылы 23 қаңтарда Бөдене ауылында ауылына сыйлы отбасы Мейрамғали Мекежанов ағамыз бен Калима Төлеуова апамыздың шаңырағында 8 ұл-қыздың бірі болып өмірге келген екен. Балалық шағы әсем өрілген балдырған қыз 1983-93 жылдар аралығында ауылмен аттас орта мектепте 10 жылдықты бітірді. Ал 1993-96 жылдары Атырау ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, ұйымдастырушы-технолог мамандығын игеріп шығып, туған жеріне оралған.
-Ата-анамыз жастайымыздан еңбекқор болуға баулыды. 1998 жылы ауылымның азаматы Талғат Сәркеновке тұрмысқа шығып, 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірдік. Өздеріңіз білесіздер, ауыл түгілі ауданның өзінен жұмыс табудың өзі қиын. Солай бола тұрса да 2001-2015 жылдары аралығында өзім білім алған Бөдене орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс жасадым. Ал, 2018 жылдан бастап осы әлеуметтік қызметкер болып жұмыс жасап келемін. Қарамағымда қызмет алушы 4 аға-апалар бар. Оларға ауырса дәрігер шақырып, керекті азық-түлігін апарып беріп, жағдайларын жасап, алғыстарын алып келемін,-дейді кейіпкеріміз.
Қазыналы қарты бар елдің мерейі қашанда үстем емес пе? Күні кеше ғана құрылғанына ғасыр толған ауылдағы қарттарға көмекші болып, көңілін аулаған Назымгүл замандастың аймақ бойынша үздік атанған қуанышын естіген ардагер ұстаз Мәриям Есқазиева апамыз: -Жасымыз ұлғайса да көптің көңілін көтеретін жаңалықтарға елең етіп отырамыз. Мемлекет жалғызбасты жандарды қамқорлап, арнайы әлеуметтік қызметкер бөліп отыр. Ол үшін іс басындағы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз. Назымгүл - өте жайлы, адам көңілін таба білетін ибалы жан. Бірнеше жылдан бері бізге қызмет көрсетіп келеді. Артық-ауыз сөзі жоқ. Бекітілген жұмыс уақытынан бір ауытқып көрген жоқ. Күні кеше ғана ауданда өткізілген «Ауыл әйелі: «Бірлік. Даму. Болашақ» тақырыбында өткен аймақтық форумда Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының ішінде «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанды. Сөз жоқ, лауықты таңдау, тиісті марапат деп білемін. Еңбегі жемісті, отбасы аман болсын,-деп өзінің тілегін жолдаған болатын.
Иә, Мемлекет басшысының арнайы жарлығымен биылғы жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осынау айтулы жылда мерейі өскен кейіпкерімізге біз де абыройлы еңбек тілейміз.
Сұңқар КӨШЕКОВ
Бөдене ауылы


