ҚАМҚОРЛЫҚ – ҚЫЗМЕТ ЕМЕС, ҚАСИЕТ

ҚАМҚОРЛЫҚ – ҚЫЗМЕТ ЕМЕС, ҚАСИЕТ
(0 Votes)

Қамқорлық – қызмет емес, қасиет қоғамда тағдыр тауқыметімен жалғыздықты серік еткен қарттар мен өмірдің ауыр сынына тап болған мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Олар – бірауыз жылы сөзге, бір уыс мейірім мен қамқорлыққа зәру. Адам баласы үшін жан жылуы мен адами қатынас – ештеңемен ьөлшенбейтін құндылық. осындай жандарға қамқор  болу – тек кәсіби міндет емес, үлкен адамгершілік парыз. бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – әлсізге демеу, жалғызға тіреу болу. Ел егемендігін алған уақыттан бері мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар мен өмірдің қиындығына тап болған азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қалыптастырып, түрлі қолдау шараларын жүзеге асырып келеді. Бұл салада жүрегі жұмсақ, ниеті таза, мейірімге толы мамандар еңбек етуде. Олар – қоғамның ең әлсіз тобына айналған жандардың жанынан табылып, өмірлеріне үміт шырағын жаққан шынайы жанашырлар. Қоғамда тағдыр сынына ұшырап, жалғыздықпен өмір сүріп жатқан қариялар мен ерекше күтімді қажет ететін балалар аз емес олардың әрқайсысы – бірауыз жылы сөзге, мейірімге, адами ықыласқа мұқтаж. Осындай жандардың өмірін жеңілдетіп, жан әлеміне шуағын төгіп жүрген жандар бар. Солардың бірі – арнаулы әлеуметтік қызметкер Светлана Қадырбаева.

Ол – бұл жауапкершілігі зор салада талай жылдан бері абыроймен еңбек етіп келе жатқан жан. Әлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңында біз де «Маманмен бір күн» айдарымен бұл мамандықтың қыр-сырына қанық болуға тырыстық. Таңғы сағат 09:00. Әдеттегідей жұмысқа асыққан кейіпкерімізбен бірге алғашқы мекен-жайға бет алдық. Күздің қара суығы мен көшедегі тыныштық көліктегі жылы әңгіменің шуағына үйлесе түскендей. Жол үстінде кейіпкеріміздің өмір жолы жайлы аз-кем сыр ақтарылып, тағдырлы таңдауына куә болдық. «Бұл мамандықты мен таңдаған жоқпын, өзі мені тапты. Мейірім мен қамқорлықты қажет ететін жандардың жанына жылу сыйлау менің өмірлік жолыма айналды», – дейді кейіпкеріміз жымиып. Көңіліне шуақ ұялаған, жүзі жылы жанның қарапайым басталған бір күні өзгенің тағдырын жақсартуға бағытталған жауапты миссияның жалғасы іспетті еді.Жол үстінде аз-кем әңгіме өрбітіп, оның өмір жолымен танысып алдық.

«1966 жылы Мақат ауданына қарасты Ескене ауылында дүниеге келдім.Мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндерге ерекше қызығушылығым болды. Мектептен соң Атырау қаласындағы теміржол техникумына оқуға түсіп, оқуды бітірген соң теміржол саласында екі жылдай еңбек еттім.Кейін тұрмыс құрып, мұнайлы Мақат жеріне қоныс аудардым. 1994 жылдан бастап әлеуметтік салаға бет бұрып, егде жастағы қарияларға күтім көрсетуден бастадым», – дейді Светлана Сапарғалиқызы.

Қазіргі таңда ол ерекше күтімді қажет ететін жеті балаға қызмет көрсетеді. Біз барған алғашқы үйде үйден оқитын ерекше балақай бар екен. Бала ұйқысынан енді ғана тұрған. Светлана апайының күнделікті жұмысы әп-сәтте басталып кетті. Баланы жуындырып, киіндіріп, таңғы асына дейін мұқият қарап шықты. Одан кейін үй тапсырмасын бірге орындауға кірісті. Әдебиеттік оқу, математика, жаратылыстану– әр пәнді қызықты тәсілмен түсіндіре отырып, баланың зейінін ашуға тырысты. Сабақтан соң физикалық жаттығулар жасалып, баланың денсаулығын жақсартуға бағытталған арнайы іс-шаралар атқарылды.

«Бүгін мен үш балаға барамын. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Бірі – жақында ғана отадан шыққан, енді бірі – төсек күтіміндегі бала. Әрқайсысы жеке жоспар бойынша қолдауды қажет етеді», –дейді Светлана Сапарғалиқызы.

Сағат тілі 12:00-ге таяғанда, келесі мекен- жайға – төсек тартып жатқан балақайдың үйіне де жеттік. Бұл жерде күтім процесі әлдеқайда күрделі, жауапкершілігі де екі есе жоғары. Біз есік сыртында үнсіз күтіп тұрған сәтте, Светлана Сапарғалиқызы әдеттегі сабырлылығымен іске кірісіп кетті. Балақайдың жөргегін ауыстырып, мұқият жуындырып, арнайы тағамымен тамақтандырып жатты. Әрбір қимылы кәсіби машықтан бұрын, аналық мейіріммен көмкерілген қамқорлықтың үлгісі еді. Көңілге жылу ұялатқан сол сәттерде, көзбен көргеніміз – бұл тек еңбек емес, бұл – жүрекпен жасалатын тіршілік. Ал кейіпкеріміз үшін бұл – міндет емес, өмір салтына айналған миссия. Түскі үзілістен кейін үшінші балақайдың үйіне жол тарттық. Арбаға таңылған бүлдіршін – тағдырдың сынағына мойымаған, ерекше зеректігімен, оқуға деген ынтасымен қуантқан жан. Көзінде от бар, жүрегінде – үміт.Светлана Сапарғалиқызы оны сабырмен қарсы алып, сабақ оқуға кірісті. Әдеттегідей жылы сөзбен жігерлендіріп, қызықты тапсырмалар арқылы баланың назарын баурап алды. Әр тапсырма орындалған сайын, баланың жүзінен қуаныштың нұры есіп, бойынан сенімнің жылуы сезіліп тұрды.

Кейін физикалық жаттығуларға да кезек келді. Маманның жетелеуімен әр қимылын мұқият орындап, балақайдың көзі қуаныштан балбұл жанды. Бұл жай ғана жаттығу емес,өмірге деген құштарлықтың сәті еді. Сағат тілі 18:00-ге таяғанда, кейіпкеріміз ұзақ та мазмұнды күнін тәмамдап, кеңсеге қайта оралды. Бір күн бойы бірнеше баланың үйіне барып, әрқайсысына жеке күтім жасап, жан жылуын сыйлаған Светлана Сапарғалиқызы енді өз жұмысын жүйелі түрде қорытындылауға кірісті.

Күні бойы атқарылған жұмыстар мен сәттер — жай ғана міндет емес, өмірге сәуле шашқан сауапты іс. Ол арнайы әлеуметтік қызмет платформасына қамқорлығындағы

балалармен өткізген уақыттың фо- толарын жүктеп, күндік есептерін мұқият тіркеді . Бұл көзге көрінбейтін еңбектің, елеусіз ерліктің жазбаша айғағы секілді. Кешкі сағат 18:30-да жұмыс күні де өз мәресіне жетті. Бірақ Светлана Сапарғалиқызы үшін бұл – тек уақыттың ғана тоқтауы. Ал шын жанашырлық пен адамгершіліктің шекарасы жоқ. Оның күнделікті атқаратын ісі – жай ғана қызмет емес, үлкен жүректің таңдауы, шынайы жанның миссиясы. Өйткені бұл еңбек – сағат тілімен өлшенбейді, жалақымен бағаланбайды. Бұл – жүрекпен ғана сезілетін, пейіл мен парасаттың шынайы көрінісі.

«Бұл жұмысты жай ғана қызмет деп айту қиын. Бұл – жүрекпен ғана атқарылатын іс. Мен үшін әр баланың күлкісі – үлкен марапат, әр жеткен жетістігі – өз баламдай қуаныш. Қарауыма алған балалардың тағдыры әртүрлі, әрқайсысының жүрегінде өзіндік мұңы мен арманы бар. Оларды жай күтіп, тамақ беріп, сабағын оқытумен шектелмейсің – сен олардың сенімді досына, тірегіне, тіпті кейде анасына айналасың.Әлеуметтік қызметкер болу– адамның сенімін арқалау. Бұл – үлкен жауапкершілік. Балалардың болашағына аз да болса ықпал ету – мен үшін бақыт. Әр күнді осындай мейіріммен бастаймын, сондай сеніммен аяқтаймын. Себебі менің жұмысым – тек кәсіби міндет емес, бұл – адамға деген махаббаттың көрінісі»,-дейді кейіпкеріміз.

Светлана Сапарғалиқызы – бұл саланың майталман маманы. Оның әр күні өзгеге жылулық сыйлауға арналған. Тек кәсіби қызмет атқарып қоймай, әр балаға туған анасындай мейірім көрсетіп жүрген жан.

«Бізге жүктелген міндет – тек қызмет емес,бұл – адамгершілік миссия. Әр баланың көзіндегі үміт отын сөндірмей, керісінше жаға білу – мен үшін басты мақсат», – дейді кейіпкеріміз.

Светлана Сапарғалиқызының бір жұмыс күні біз үшін жай ғана бақылау емес, өмірлік сабақ болды. Әлеуметтік қызметкердің бір күндік жұмыс кестесі сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ оның әр сағаты, әр әрекеті терең жанкештілікті, үлкен жүректі қажет ететінін көзімізбен көрдік, көңілімізбен ұғындық. Бұл мамандықты жай ғана қызмет деп айту аздық етеді. Себебі әлеуметтік қызметкер болу — адамның тағдырын арқалау, өмірдің қиындығына тап болған жандардың сеніміне ие болу, оларға тірек, тіршілікке себеп болу. Бұл — жүрекпен ғана атқарылатын мамандық. Кейіпкеріміздің әр баламен сөйлескен сәтіндегі мейірімі, көзқарасынан төгілген жанашырлығы, әңгімесі мен әрекетіндегі нәзік шуақ – ол кісінің мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігін дәлелдейді. Ол үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия. Оның мейірімі тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да жан жарасын емдеп, сенім отын қайта тұтататыны анық.

Светлана Сапарғалиқызындай жандардың еңбегі — үнсіз қайрат пен көрінбейтін ерліктің символы. Олар болмаса, қоғамның әлсіз тұстары көрінбей, көлеңкеде қалар еді. Олар —адамдықтың тірегі, үміттің шырақшысы. Расында қоғам осындай алтын жүректі адамдармен көркейеді. Осындай кейіпкеріміз сынды жүрегі жұмсақ, мейірімі мол, шын ниетімен қызмет ететін жандардың әр күні ьөзгелердің үмітіне айналуда. Ал ондай үміттің отын өшірмеу – бәрімізге ортақ борыш.

Ж.Қамза

Сурет автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT