Көпке үлгі Гүлжамал

Көпке үлгі Гүлжамал
(0 Votes)

Қазақстан теміржолының дамуына бір кісідей үлес қосып жатқан әйелдер қауымының еңбегі ерен. Сондықтан олардың төккен еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен жандардың бірі - мақаттық Гүлжамал Жанғалиева. Ол Мақат вокзал бастығының кезекші көмекшісі. 

Ол - Мақат вокзал бастығының кезекші көмекшісі. Кейіпкеріміз алғаш еңбек жолын 2009 жылы бастаған. Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп, өз ісінің нағыз маманына айнала білді.

Гүлжамал Өтепбергенқызы 1983 жылы 26 маусымда Мақат кентінде дүниеге келген. Х.Санбаев атындағы орта мектепте білім алған ол Атырау қаласындағы политехникалық колледжінде экономист мамандығын алады. Кейіннен халықаралық көліктік-гуманитарлық университетін тәмамдап, теміржол саласына келеді.

«Болат жолында құрыш білекпен қызмет етуге бала кезімнен қызығатынмын. Бір жағынан қызығы мен қиындығы қатар жүретін салаға келуіме әкем себепкер болды. Өйткені, әкем Өтепберген Жанғалиев теміржол саласында ұзақ жылдар еңбек еткен. Қазір зейнет жасында. Әкемнің өз ісіне деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы темірдей тәртібі бар теміржол саласына келуіме себеп болды», - дейді теміржолшы.

Жалпы, жолаушылардың діттеген жеріне  аман-есен жетуі тек машинистерге ғана байланысты емес екендігін көпшілік біле бермейді. Оның артында қаншама адамның, яғни бір ұжымның еңбегі жатыр. Кейіпкеріміз де осы тұста өз қызметінің қызығын айтып өтті.

«Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы да, қызығы да болады. Вокзал тәулік бойы қызмет ететіндіктен, біраз пойыз түнгі ауысымда жүреді. Кезекшілердің де жұмысы сол кезде қыза түседі. Түнгі ауысымға барғанда көз шырымын алмастан, еңбек етеміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Абыроймен қызмет атқарып жатырмыз», - дейді ол.

Иә, қоғамда еңбекті ерлермен қатар атқарып, ауыр жұмыстарға білек сыбана кірісетін нәзік жандылар қатары аз емес. Соған қарамастан, отбасының берекесін келтіріп, бала-шағаның да бабын тауып жүрген Гүлжамал - бес баланың анасы.

Қызметте өзінен кейінгілерге білгенін үйретуден жалықпаған ол ұжымда сыйлы маман. Гүлжамал Өтепбергенқызы өзінің әріптестерін жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын, барлығы да қарапайым, ақкөңіл жандар екендігін айтады. Ол алдағы уақытта да осы қалыптарынан таймай, экономиканың күрделі тамыры саналатын теміржол саласында адал қызмет ететіндерін жеткізді.

«Тоғыз жолдың торабы саналатын мекенде қызмет атқаратын жандар көп. Олар өздеріне артылған міндеттерді орындап, бүгінде жұмыстарының нәтижесін көріп жүр. Осы тұста барша теміржол саласындағы әріптестерімді кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жана берсін!» - деп ізгі тілегін жеткізді.

Еңбекке ерте араласып, адал қызмет атқарып жүрген Гүлжамал Жанғалиева осылайша теміржол саласына өзіндік үлесін қосып келеді.

Бүгінде кейіпкеріміздің әкеден дарыған асыл қасиеті оны биік шыңдарға жетелесе, қажырлы еңбегі көпке үлгі етуде. Себебі, абыройлы қызмет еткен адамның мерейі қашанда үстем.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521