Таксишілер тайраңдап жүр

(0 Votes)

Мақат кенті әкімі аппаратының ұйымдастыруымен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау және жол апаттарының алдын алу мақсатында Мақат-Атырау-Мақат бағытындағы заңсыз такси қызметімен айналысушы тұлғаларға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді.

Себебі, қазір көлігі бар кез-келген адам такси қызметін көрсете береді. Соның алдын-алу мақсатында аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасының салықты әкімшілендіру бөлімінің бас маманы А.Ликарова, кәсіпкерлік палатасының бас маманы А.Бексұлтанов, ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция ротасының взвод командирі А.Бисембаев, полиция аға сержанты Ж.Тажибаев, полиция кіші сержанты Е.Мергенбаев бірлесіп, рейдке шықты.

Мақат-Атырау тас жолындағы қозғалысты тексеру барысында тіркелмеген такси жүргізушілерінің көліктері тоқтатылып, түсініктеме алынды. Сонымен қатар, жолда тоқтатылған жүргізушілер тарапынан автокөлікте қауіпсіздік белдігін тақпаған күйде көлік құралын басқарғандарына да куә болды. Біздің айтпағымыз Атырау бағытындағы таксишілер заңды патент иелері емес, әр салада еңбек ететін жеке көлігі бар азаматтар. Такси қызметімен айналысатындар, ең алдымен, мемлекеттік кірістер басқармасына барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Себебі, салық төлемей, еш жерде тіркеусіз жүргендердің әрекеті - заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі - жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі. Заңдастырылған такси жүргізушілері ай сайын салық төлеп тұруы керек. Қазір жолаушы тасымалымен айналысатындардың дені патент алады. Сол арқылы ай сайын жүргізушілер түскен пайдасының екі пайызын төлеп тұрады. Мамандар таксишілерге түсінік жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік жазаға кезікпес үшін, мемлекеттік кірістер органына жеке кәсіпкер ретінде өз еріктеріңізбен есепке тұруға шақырды. Ал, заңсыз кәсіпкерліктің алдын алу үшін тек кірістер басқармасы емес, бүкіл қоғам болып күресу керек. Өйткені, заңды кәсіпкер – ел бюджетін толықтырушы. Сондықтан, кәсіпкерлікті заңдастыру жолында соған жауапты мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда ат салысуы керек.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521