Шойынжолда шыңдалған - Қайнарбек

(1 Vote)

Темір жол саласына 25 жылға жуық өмірін арнаған ҚТЖ «Жүк тасымалы» АҚ-ның Атырау бөлімшесі жүк тасымалы филиалы Мақат стансасының коммерциялық тексеру пунктінің бригадирі Қайнарбек Әлиев әр ауысымда өз жұмысында бірде-бір ақауға жол бермей, өзіне жүктелген міндетті әрі берілген тапсырмаларды тиянақты орындап келеді.

Ол Қызылқоға ауданындағы Жүзгенді деп аталатын елді мекенде 1970 жылы дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда Доссордағы интернатқа оқуға келеді. Әкесі мұнай құбыры стансасының жол қараушысы болып қызмет атқарған болатын. Көрші ауданға қоныс аударғаннан кейін әкесі Сайлау Әлиұлы Мақаттан шыға берістегі 377-ші разъезге теміржол жөндеу жұмысшысы болып орналасады.

Қайнарбек мектеп бітіргеннен кейін 1988 жылы әскер қатарында болып, отан алдындағы борышын өтеп қайтады. 90-шы жылдары әскерден оралып, Атырау теміржол техникумына «қозғалысты басқару және тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығына оқуға түседі. Оқуды бітіргеннен кейін 1995 жылы теміржол саласына жұмысқа тұрады. Еңбек майданында шыңдала жүріп, осы салаға өзінің бар саналы ғұмырын арнаған аға буын өкілдерінің өнегелі өмір жолынан тәжірибе жинақтап, кейін келе өз ісінің шебері атанады. Жас маманның еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаған сала басшылары оны пойыз қабылдаушы, жүк қабылдап тапсырушы қызметінен бригадир лауазымына тағайындайды. Бүгінгі күнге дейін ол осы қызметімен елге еңбегін сіңіріп келеді.

img_1262

«Біздің теміржолға бейім болатын себебіміз, көріп өскеніміз осы теміржол болды. Кішкентай кезімізде ауылда күні-түні салдырлап пойыз өтетін. Бағдаршамдар жанып тұрады. Осының бәрі әсер етсе керек, өсе келе өмірімізді де теміржолмен байланыстырық»,- дейді Қайнарбек.

Қайнарбек Сайлауұлының қызметі - Мақат стансасына келген жүк пойыздарының қауіпсіздігін тексеру. Стансаға тоқтаған әрбір пойызды басынан аяғына дейін тексеріп шығу үшін 50 минут уақыт бөлінген. Осы уақыт ішінде жүктердің сақталуын, пломбаларының дұрыс салынғанын қарап, тексеріс жүргізеді. Бір пойызда шамамен 60 вагон болады. Әр вагонның қауіпсіздігі - оларға жүктелген негізгі міндет. Егер ақау табылса, вагон ағытылып, шарасын алады.

Тірлігі теміржолмен біте қайнасып келе жатқан Қайнарбек осы салада қызмет ететінін мақтан етеді.

«Жастайымнан жұмысқа ерекше жігермен араласып, шілденің аптап ыстығында да, қыстың сақылдаған сары аязды күндерінде де болат жолдың бойында жауапкершілікпен тынбай еңбек еттім. Қазіргі теміржол саласы заман ағымына қарай жаңаша дамып келеді. Алайда, қай кәсіптің де жеңілі жоқ. «Әке көрген оқ жонар» демекші, мен әкемнің кәсібін жалғастырып, балаларым менің ізімнен еріп келеді», дейді Қайнарбек Сайлауұлы.

Иә, Әлиевтар әулеті теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп отырған жандар. «Әкеден бала туса игі, әке жолын қуса игі» демекші, осы әулеттен өрбіген ұрпақтар ата жолын қуып, Қайнарбектің тұңғыш ұлы Тілекқабыл да осы салада білім алып жатыр. 

Мақат стансасынан өтетін жүк пойыздарының қауіпсіздігін сақтауда сала майталманы Қайнарбек еселі еңбек етуде. Өз ісінің шебері, өзгелерге үйретері мол, кәсіби міндетін жете түсінетін бригадир ұжымның абыройын асқақтатып жүр. Олардың жүк пойызына төнген қауіпті сейілтуі қандай марапатқа да лайық.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет автордікі

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT