Шаруаның еңбегі еселі

Шаруаның еңбегі еселі
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын.

Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп­тимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз»,- деп айрықша атап өткен болатын.

Иә, расымен де қоғамда сан алуан мамандық иесі еліміздің дамуы үшін ерен еңбек етуде. Бірақ, соның ішінде еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше. Олар өндірістің негізгі қозғаушы күштері болып табылады. Әрбір жұмысшының еңбегі мен кәсібі белгілі бір салада маңызды рөл атқарады.

Соның ішінде еңбегімен көпке үлгі болып, ауыл шаруашлығының әлеуетін көтеріп жүрген кәсіпкерлерің бірі әрі бірегейі – Татьяна Череватенко.

Ауылда туып-өсіп, тіршілігіне қанық кейіпкеріміз үшін егін шаруашылығы жат дүние емес. Өзінің айтуынша, бірнеше жылдан  бері бақша дақылдарын егумен айналысады. Десе де соңғы уақытта ғана сүйікті ісін кәсіпке айналдырған.

«Әуел баста бұл жәй ғана хобби болды. Бірақ жолдасымның қолдауымен 2019 жылы жеке кәсіп ашып, көкөніс өндіріп, кейін тағы да бірнеше кәсіп түрлерімен айналысып көрдік. Ал арнайы жылыжай салу, үлкен көлемде көкөніс өндіру жолдасым екеуміздің отау құрғалы бері ойымызға алған ісіміз еді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, «Шелл-Қазақстан» компаниясының қаржылай қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асыратын ӨРЛЕ 3.0 жобасына өтінім тастап, конкурсқа қатысып, грант жеңу арқылы жаңа кәсібімізді бастадық.

Жаңа кәсіп бастау – жауапты іс. Әрі кәсіпкер сол істен хабары болуы да керек. Өйткені, бастаған тың іс кәсіпкерге де, тұтынушыға да пайда әкелуі керек.

Жалпы, кәсіп бастарда үлкен қорқыныш болды. Десе де жолдасым екеуміздің бұл істен хабарымыз болды. Бала күнімізден үйде бау-бақша егіп, күтім жасауды көріп, біліп өстік. Соның пайдасы шығар, бастаған ісімізді дөңгелетіп әкеттік», - дейді Татьяна Череватенко.

Әрбір кәсіпкер үшін қолдау өте маңызды. Қазіргі таңда елімізде тың кәсіппен айналысамын деушілерге бар жағдай жасалған десек артық айтпаймыз. Кейіпкеріміз де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрген.

Жаңа іс – жаңа бастама. Әр істің берекесі болғанымен, тың кәсіпті бастау аса қырағалықты талап етеді. Оның ішінде көкөніс егу тіптен бөлек іс. Себебі, жер ананың құнарлығы, климаттың қолайлылығы, дұрыс суару сынды бірнеше маңызды дүниелерді басты назарда ұстау керек.

«Кәсібімізді бастарда жылыжай салып, көкөніс өндіретіміз айдан анық болды. Бірақ, жылыжайға не егеміз, қалай шығады? – деп көп ойландық. Сөйтіп, халықтық күнделікті тұрмыста ең жиі қолданатын көкөністерінің бірі – қияр өндірумен айналысамыз деп шештік»,-дейді кәсіп иесі.

Әрбір істің артында қиындығы болары сөзсіз. Сол қиындықты тек сол кәсіппен айналысқан адам ғана түсініп біліп жатады. Десе де уақытша қиындықтарға мойымай, бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, кәсібінің нәсібін көріп жүргендер аз емес.

«Басы қатты, аяғы тәтті» ,- дегендей алғашында жылыжай салу кезінде, қияр егу кезінде де қиындықтар болды. Сортаң жерімізге көкөніс бітік шыға ма деп те ойладық. Жылыжай құрылысы аяқталғаннан кейін кірпік қақпай еңбек етіп, қиярымы ектік. Алғашқы жылдары қиярды суару да оңай болмады. Көкөністерді суаратын суды сағаттап өз қолымызбен таситынбыз»,- дейді кәсібінің алғашқы баспадағын еске алған кейіпкеріміз.

Кәсіпкердің өткен жылы еккен диқанның егіні бітік шығып, жоспарлаған өніміне қол жеткізген. Өскен көкөністерді жинағаннан кейін ауданымыздағы тұрғындар жаппай сатып алып, тұрғылықты жерде өсіп шыққан көкөністі сүйсініп жеген.

Биыл да кәсіпкер жылыжайдың аумағын кеңейтіп, оған қияр мен аскөк егуде. Өткен жылғы кеткен олқылықтардың орнын толықтырып, пайдалы өнімді ұсынуды көздейтін кейіпкеріміз сапалы қияр өндірудің қыр-сырымен де бөліскен болатын.

«Қияр егудің қыр-сыры өте көп. Әйтсе де бастысы - топырақ таңдау. Қияр жылуды, жарықты және құрғатылған, жақсы аэрациясы бар топырақты жақсы көреді. Сол себепті топыраққа аса мән берген жөн. Ал екіншісі  - тұқым таңдау. Қияр тұқымын жақсы сапалы, өсімдіктерге зиянды емес тұқымнан таңдаған дұрыс. Сонымен қатар, тұқымның сортын өзіңіздің климаттық аймағыңызға сәйкес таңдаған жөн керек. Ал үшіншісі – тұқым себу. Қиярды ашық далада сәуір айының соңында немесе мамыр айының басында себуге болады. Тұқымдарды 1-2 см тереңдікте сепкен дұрыс. Егер көшет арқылы егетін болсаңыз, онда тұқымдарды жылыжайда немесе жеке контейнерлерде өсіруге болады»,-дейді өз ісін шын сүйетін кәсіп иесі.

Еңбек етуден ешуақытта ерінбеген кәсіпкер  үнемі ізденіп, шаруашылыққа да, диқандарға тиімді жағын ойлап жүреді. Қоғамда ел экономикасының басты күші болған ауылшаруашлық саласының дамуына бір кісідей ат салысып, халыққа сапалы әрі балғын өнімдер ұсынып жүрген кәсіпкер бүгінде еңбегінің жемісін көріп, елге еңбегімен қадірлі болып жүр. Алдағы уақытта жас кәсіпкер өз өнімдерімен тек ғана ауданымызды ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріне жіберіп, көптеген халықты қамтамасыз етпек.

 

Ж.Қамза

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT