Алақандай ауданда туып, бүгінде алты алашты ауызына қаратып жүрген мақтаныштарымыз жетерлік. Жаңа жылдағы «Мақат маңайынан» жаңа айдары арқылы жырақта жүрген жерлестерімізді оқырманға жақыннан танытпақпыз. Жаңа айдарымыздың алғашқы кейіпкері жас та болса ел астанасында өзінің іскерлігімен көзге түсіп жүрген Сержан Сағынұлы. Ол – мұнайлы мекен саналатын Мақат топырағынан түлеп ұшып, жасындай жарқылдаған жалынды жас. Жиырма жастан енді асқан жігіттің еңбекке ұмтылысы, бұлжытпайтын жауапкершілігі, ең алдымен, ел кеңесіне құлақ түретін ерекше қасиеті абыройын асқақ етіп келеді.
2000 жылы Мақат кентінде дүниеге келген ол 7 сыныпқа дейін Х.Санбаев атындағы орта мектепте білім алып, 8 сыныпты Нұр-Сұлтан қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде жалғастырады. 9 сыныптан кейін Тұран колледжіне оқуға түсіп, «Құқықтану» мамандығын қызыл дипломмен аяқтап шығады.
Оқушы кезінен Елордада білім алуға ұмтылған Сержанның бұл бала арманы еді. «Нұр-Сұлтан қаласына әпкемнің шақыруымен, ақыл беруімен келдім десем де болады. Зәулім қала, биік ғимараттар, елдің басшылығы, оқу-білім, мәдениеті т.б. қызықтырды. Өзімнің білімімді шыңдап, басқа жағымнан сынап көргім келді»,- дейді ол.
Сержанның ата-анасы қарапайым жандар. Әкесі теміржолшы болса, анасы балабақшада бас аспаз болып қызмет атқарады. Артынан ерген екі қарындасы бар. Сержанның білімді, елгезек болып өсуіне әжесінің тигізген үлесі зор.
«Алғаш әріпті үйретіп, сабақ оқытып, қоғам азаматы болуыма үлкен септігін тигізген әжем ұлағатты, құрметті ұстаз. Әрқашан ақ батасын беріп отыратын әжеме алғысым шексіз. Ол қашан да біреудің ала жібін аттама, адал бол, адал қызмет қыл деп ақылын айтып отырады. Ата-анам да тәкаппар болма, қарапайым бол деп айтудан жалыққан емес. Үлкендердің батасымен, олардың ақылын тыңдаумен бүгінде осындай жетістікке жетіп отырмын»,- дейді Сержан.
Қазіргі таңда ол «Тұран-Астана» университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша ректор грантымен білім алуда, биыл оқуын аяқтайды. Білім ала жүріп, еңбекке ерте араласқан ол 2018 жылдан бастап «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» Жастар Қанаты Байқоңыр аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ал 2019 жылдан бастап төраға қызметін абыроймен атқарып келеді.
-«Jas Otan» Жастар Қанатына келуіме себепші болған оқиға Елордамызда жаңа ауданның құрылуымен тұспа-тұс келеді. Осыдан төрт жыл бұрын Сарыарқаның төрінде жаңа Байқоңыр ауданы құрылып, жаңа кадрлар жасақталды. 2018 жылдың қараша айында сол кезде «Jas Otan» ЖҚ-ның төрағасы болған Темірлан Махметовтың шақыртуымен бардым. Сол жылдардан бастап қоғамға өз пайдамды тигізіп, ел ісіне араласып келемін,- деген сері жігіттің бұл жетістіктерінің басы ғана.
Сержан Есжанов 2021 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқарма басшысының көмекшісі қызметін қоса атқарып келеді. Жыл аяғында Елордалық жастар мәслихатының депутаты болып сайланған.
«Елорда да қазіргі таңда 230 мыңға жуық 35 жасқа дейінгі жастар бар. Сайланған депутаттардың мақсаты елордалық жастардың мақсат-мүддесі, құқықтары мен талпыныстарын қорғау, қолдау көрсету. Тәуелсіз мемлекетіміздің астанасында депутаттық қызмет атқарып, айбынды жастардың атынан қызмет қылу мен үшін үлкен жауапкершілік. Жалпы жастар мәслихатының негізгі мақсаты мемлекетті басқаруда жаңа кадр даярлау. 35 жасқа дейінгі жастар сайлауға түскен мәслихаттың мақсаты түйткілді проблемаларды нақты анализбен шешу жолдарын қарастыру және жастар саясатын дамыту болып табылады»,- дейді жас депутат.
Оқу бітіргеннен кейін туған жерге келіп қызмет атқару ой да жоқ па деген сұрағымызға: «18 жасымнан партия қатарында, қоғам арасында етене абыроймен қызмет атқарып келе жатырмын. Туған жеріме оралуым ол уақыт еншісінде деп білемін. Десе де, қызметпен шақырса, неге өз білімім мен біліктілігімді ауданымыздың өркендеуі үшін жұмсамасқа. Бабамыз не айтса да көрегендік танытқан ғой “ер адам түзде” деп бекер айтпаса керек. Ең бастысы, Алла алдында бетіміз ашық, халқым мен отанымның алдында абыройым таза болса маңыздысы сол. Қай жерде қызмет қылсақ та үкілеп үміт артқан бабаларымыздың арманын орындау, халыққа қызмет қылу негізгі міндет деп білемін»,- деп жауап қайырды.
Сержан - жан-жақты білікті жас маман. «Кәсіби оратор» саласы бойынша кәсіби оратор, Халықаралық дәрежедегі «Кәсіби волонтер» біліктіліктері бар. «Jas Otan» ЖҚ-ның «политика» саласы бойынша сертификатталған. «One world-One life» атты Халықаралық балдың дебютанты. Қазақстан Жастар Конгресінің JCU университетінің сертификатымен марапатталған. Еңбегіне, көтере білген жүк қайратына қарай алған марапаттары да бір басына жетерлік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жасы жиырманы енді ғана алқымдаған жас жігіттің алдына қойған жоспарлары көп. Елге қызмет қылу жолында абыройлы азамат болып, ата-ананың берген ақ сүтін ақтап, халықтың сенімінен шықса осының өзін үлкен жетістік деп біледі.
М.ІЗТҰРҒАНОВА