Кіші аяқ доптан ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Dina Cup 2021" облыстық ашық турнирі өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған дүбірлі додада мұнайлы мекеннің намысын "Мақат" командасы қорғап жарыс жеңімпазы атанды. Турнир әуесқой ойыншылардың арасында өтсе де, құрамында кәсіби түрде шеберлігін шыңдап жүрген мықтылармен толыққан командалар көп болды.
"Мақат" командасының жарыс жеңімпазы атануын көпшілік сенсацияға балады. Себебі жергілікті футзал мектебінің танымал түлектері бұл турнир аясында өзге командаларда өнер көрсетті. Жеңімпаз командамызға топтық кезеңнен өтудің өзі оңайға соқпады. 16 команда бақ сынаған доп досында жерлестеріміз "Д" тобына жайғасып, үш бірдей команданың ұпай сандары тең болып қалды. "Мақат", "Асылстрой", "Олимп" командаларында да 6 ұпай болғанымен, "мақаттықтар" гол санынан басымырақ болды.
Осылайша 1/4 финалда жерлестеріміз "Университет" командасымен жолығып 1:1 есебімен тең тарқасты да пенальти сериясында 6:5 есебімен асығы алшысынан түсті. Ал, жартылай финалда жарыстың бас жүлдесіне дәмелілердің біріне баланған "Динамо" командасы жолықты. Абылай Алмасұлының соққан голымен таразы басы тағы да тең түсіп, бұл жолы да пенальти сериясынан үстем болдық. Есеп 7:6.
Ақтық сында мұнайлы мекеннің жігіттері "Ембімұнайгаз" командасымен кездесті. "Жан алысып, жан беріскен" ойында таблода тағы да 1:1 есебі тіркелді. Бір қызығы қарсыластар тарапынан соғылған голдың авторы да жерлесіміз Ержан Шарафиев еді. Ал, жауапты голдың авторы Нұрлыбек Аққойшиев. Әсіресе қақпа бағанын күзеткен пенальти сериясында мүмкіндігін мүлт жібермей соңғы үш ойынның да қаһарманы атанды.
Кіл мықтылар күш сынасқан жарыстың көркін жерлестеріміз қыздыры десек артық айтқанымыз емес. Себебі үздік ойыншылардың қатарында Алтынбек Қосекен "Үздік қақпашы" атанса, "Ембімұнайгаз" командасында өнер көрсеткен Ержан Шарафиев "Үздік қорғаушы" деген атқа лайықты болды. Сондай-ақ жеке шеберлігімен көзге түскен көзге Еркебұлан Бейбітұлы турнирдің "Үздік сұрмергені" атанды. Ол жарыстың үшінші орынын иеленген "Локомотив" командасында ойнаған еді. Осылайша үздік үш команданың сапында тер төккен жерлестеріміз Мақат футзал мектебінің мерейін тағы да бір мәрте үстем етті.
А.САДЫҚОВ