Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қарапайым қағидалар мен шартты міндеттер шариғатымыздың шеңберінде кеңінен қамтылған. Өзіне де өзгеге де зиян келтірмеу - мұсылманды өзгеден ерекшелеп тұратын ең бір асыл қасиеттердің бірі. Осы қағидаға сүйенген діни басқарма карантин кезінде жамағат болып мешітке жиналып намаз оқымауға үндеген еді. Бастапқы кездері бұл шартқа деніміздің саулығы үшін оңай көндіге кеткенімізбен, жамағаттың жүрегінде Алланың үйіне деген сағыныш күн өткен сайын ұлғайып жатыр...
АСЫЛБЕК ӨТЕГЕНҰЛЫ,
Жұма намазынан жырақтап қалдық
Айлардың сұлтаны болған Рамазанмен сағына қауышып жатқан шағымызда, тағы бір дүниеміз сағынышқа айналады деп ойламаппыз. Біз, жастар жағы көбіне жұма намазына қатысатынымыз жасырын емес. Тым болмаса, жұмасына бір бас сұғып, мешітімізден керемет әсерленіп қайтушы едік.
Жақында замандасымыз Е.Қарақойшының "Баяғыда" атты өлеңіне көзім түсіп, көп нәрселер еске оралды. Шынымен де біз мешіттің ашық тұрған шақтарында қадіріне көп жете бермеппіз. «Әр нәрсенің бір қайыры бар» демекші, қазіргі уақыт біз үшін бір сабақ алатындай кезең болып өтіп жатыр. "Жұмасы жоқ апталарымыз " да әлі-ақ артта қалар.
МАДИНА МАҒЗОМОВА,
Тарауих та түгесілуге жақын
Өзім Бәйгетөбе ауылының тұрғыны болсам да қасиетті Рамазан айы келген кезде орталық мешітке келіп тарауих намазына қатысушы едім. Жылына бір келетін оразаның тұсында болмаса, былайғы кездері мешітке көп жолымыз түсе бермейді. Әйел адамға намазын үйінде оқыған абзалырақ деген қағида да бар дегендей. Карантин де қасиетті аймен тұспа-тұс келіп отыр ғой, бұл да бір жаратушымыздың сынағы болар. Тіпті бұл мезетте Меккедегі қасиетті қағбаның өзі бос тұрғанын көрген кезде жүрегіміз езіле жаздайды. Биылғы тарауих намазын шамамыз келгенінше үйімізде өтеп жатырмыз. Алла өзі ниетімізге орай мешітте оқылған намаздың сауабынан құр қалдырмас.
Толығырақ газетіміздің кезекті санынан оқи аласыз!
А.Садыков