Мамырдың мамыражай мерекесі - Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен басталған «Ардагерлерді ардақтайық» іс-шарасы ауданымызда да жалғасын тапты.
Соғыс майданындағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор. Соғыс кезінде ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер, балалар басып, майдан даласын азық-түлік және шикізатпен қамтамасыз етті. Олар күні-түні аянбай, тылда еңбек етіп, Ұлы Жеңіске жетуге үлкен септігін тигізді.
Аудандық "Nur Otan" партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асылбек Әбілғазиев тылда еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына барып, тылдағы еңбектің ұмытылмайтынын айтып, Жеңіс күнімен құттықтады.
Тыл еңбеккерлеріне партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің құттықтау хатын табыстап, алғашқы қажетті өнімдер салынған азық-түлік жиынтықтарын үлестірді.
Елімізде ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрметке риза болған ата-әжелеріміз жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты. Елі, жері үшін шайқасқан батырлардың ерлігі қазіргі ұрпаққа үлгі болса дейді олар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА