Қалың тұманның ішінен жылқы пайда болды. Ол қабырғалап таудан ақырындап түсіп келе жатты.
Оның соңында түрлері жабырқаулы, әбден шаршаған шекарашылар. Олардың арасында ер-тоқымға әрең отырып келе жатқан шопан да бар. Оның оң аяғы тізеден төмен қанға боялған. Көздерін әрең ашып-жұмады. Кейде аяғындағы ауырсынудан көзіне жас келеді. Қырлы тастарға сүріншектеп, аяғынан аянып келе жатқан жануардың жүрісі оның жарасын одан сайын ауырта түседі. 2010 жылғы 2 тамыз. «Көксу» шекара заставасының шекарашылары тау бөктеріндегі ұзақ жорықтан кейін жылыту постына барып, жасыл күнқағарлылардың жаз айларындағы уақытша баспанасына түсті. Ол жерде шекарашылар демалады. Қолайсыз ауа райында жылынады, ықтайды, тамақтанады. Шекараның күзету аумағына кіретін учаске өтуге қиын, күрделі. Сондықтан бұл аймақ ерекше күзетуді қажет етеді. Шекара шебін күзетуге мініс аттарымен шығады. Уақытша баспанаға кірген шекарашылар жергілікті шопандардың бірін есі кіресілі-шығасылы күйінде табады. Екі күн бұрын ол жоғалған қойларды іздеп тауға кеткен еді. Тау асуларының бірінен түскен кезде жаңбырдан кейін тайғанаққа айналған жартастан түсе бере тайып жығылып, аяғын сындырып алады. Сынған жерін өзінің мойынорағышымен әрең байлаған ол әупірімдеп жүріп, шекарашылардың жылыту постына жетеді. Бұл жерде байланыс жоқ. Қой іздеуге жалғыз шыққан. Бір ғана үміті – шекарашылар. Олардың мұнда келгенін күту ғана.
Бақытына қарай, екі күннен кейін оның құтқарушылары да есіктен енеді. Болған жайға қаныққан аға шекара наряды «Рудничная» шекара комендатурасының коменданты майор Иван Борсенко шопанды таудан түсіріп, ауруханаға жеткізуге шешім қабылдайды. Мұнан әрі кешіктіруге болмайтын еді. Өйткені жарақат асқынып, қара-қошқылдана бастапты, қара дақтар пайда болған. Қабыну қаупі бар. Қартты атқа мінгізіп, шекарашылар жолға шықты. Осыны күтіп тұрғандай, жаңбыр шелектеп құйып берсін. Жайдарлы да жайлы жаздың тамыз айына көңілсіз қараша қонаққа келгендей, таудың тынымсыз сорғалап шыға келетін жаңбыры ауа райын лезде суытып жіберді. Төңірек түнеріп, маңайды қалың тұман басты. Атты топтың жүрісі де қиындай түсті. Иван Борсенко өздерінің соқпақтарын, айналаны барлап көріп, мына қалың тұманда адасқандарын түсінді. Сөйтіп жүріп, әлдебір сыңар аяқ соқпақты тауып алды. Өзі соқпақ деуге де келмейді, қоянның жымындай жықпыл сорап. Шекарашылар енді осы сорапты қуалап, төмен ылдилады. Бірақ... Тоқтауға белгі берген офицер қалтасынан компасын алды, тек оның жебелері дұрыс бағыт көрсеткісі келмеді. Аспанды да бұлт жапқан. «Не істеу керек? Қалай болар екен?» – деп жанталаса ойланған комендант өзі де сезбеген күйі қызметтік аты Ракетаның жалы мен мойнын сипалап. – Уақыт болса өтуде. Ал қарияның жағдайы нашарлап барады. Ыңқылдап жатқанын көрмейсің бе?! Ұзаққа шыдамауы мүмкін, – деді аттың құлағына. Ракета да жағдайдың ауыр екенін түсінгендей, қайтадан жолға шығу үшін иесінің пәрменін шыдамдылықпен күтіп тұр. Бұл сымбаты келіскен, ауыр жолға шыдамды, түр-тұрпаты биік келген жылқылардың бірі болатын.
Шекарашының мұндай төрт аяқты көмекшілері тау заставаларында көп кездеседі. Олардың бөлімшедегі орны ерекше. Әскери қызметшілер жылқыларды кез келген техникаға қарағанда сенімді және таулы жерде көліктің ең ыңғайлы түрі болып табылатынын айтады. Иә, қандай жануарды атпен салыстыруға болады? Сезімталдығына, әсемдігіне және әдемілігіне тең келер жануар жоқ шығар? Адамзат тарихында жылқылар адамдардың көмекшісі болғаны, болып қала берері сөзсіз. Әсіресе әскери қызметшілер үшін. Міне, Ракета ақылдының ақылдысы. Бірдеңеден үркіп, селт еткенді білмейді. Иесі үстінен түсіп, тізгінді қаңтарып қойса, әлгі жерде тұрады да қояды. Ешқайда кетпейді. Бұл-бұл ма, ол барлық тау жолдарын да кез келген шекарашыдан артық біледі. Офицердің ойына осы түсті. Атынан секіріп түскен Борсенко қалғандарына да солай жасауды бұйырды. Содан кейін жылқыны өз еркіне жіберді. Осылай ету арқылы ол ақылды жануардың мына жықпылдардың арасынан «Баратола» шекара постын тауып баратынына сенімді еді. Осылай бірінің соңынан бірі тізбектелген күйі шолғыншылар жүрістерін жалғастырды. Алда Ракета, одан кейін офицер еріп келеді. Шекарашы созсаң қолыңның басы көрінбейтін мына тұманда жол бастаған атынан қалып қоюдан алаңдап, жақын ілесіп келеді. Суық жаңбырдың тоқтайтын түрі көрінбейді, жерге өзінің таза әрі жылтырақ іздерін қалдыруынан жаңылар емес. Ақыры төрт сағатқа созылған сапардан кейін алып тас үйіндісін айналып өткен топтың алдынан «Баратола» да көрінді. Әскери қызметшілер комендатураға апаратын жолға шықты. Сол-ақ екен жүздері жадырап сала берген шекарашылар аттарына секіріп мініп, өздерінің бөлімшелеріне қарай тарта жөнелді. Көп өтпей алдарынан комендатураның жол талғамайтын көлігі де шыға келген... Осылайша, заставаның бас кейіпкеріне айналып сала берген Ракета осы жолы жараланған шопанды бір өлімнен құтқарып қана қойған жоқ, шекарашылардың тығырықтан шығуына көмектескен болатын.