Қоғам ісінен қалыс қалмайды

(0 Votes)
Қоғам ісінен қалыс қалмайды

 Бүгінгі жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастаған сайын, елімізде олардың қатары артып келеді. Қазақстанның әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасыларына және өзге де жәрдемді қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының санының артуы осының айғағы. 

Ауданымызда да соңғы кездері бұл үрдістің аясы кеңейіп, қарқынды дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Сондықтан ел үшін атқарып жатқан олардың еңбегін, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмектерін айтпасқа болмайды.

Өйткені,олардың біліктілігімен, білімділігімен, ауызбіршілігінің мықты болуымен қазіргі таңда ауданымызда көптеген істер атқарылып жатқандығына халық куә.

Өзгеге қуаныш сыйлау, игі істерді жалғастыру көптің қолынан келеді дегенмен, ерікті болуға жан дүниесімен беріліп, бар уақытын арнаудың жөні бөлек.

Сондай жандардың бірі – ерікті жас Айкүріш Қангереева. Сегіз жылдан бері ерікті болып қызмет атқарып жүрген Айкүріш бүгінге дейін көптеген қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, жалғызбасты және зейнеткерлерге қолдау көрсету мақсатында көмек көрсетіп келеді.

«Ерікті ретінде қоғамдық шараларға араласып жүргеніме 10 жылға таяп барады. Өйткені, қандай жағдайда да мен өзгелерге жақсылық жасағым келеді. Жанымда өзім секілді ерікті жастар жеткілікті. Олардың қолдауы, халықтың батасы жақсы ниетпен алға қарай қадам басуға әсер етеді.

Негізінде, жабыққанға жақсылық жасап, қоғамның кемшін тұсын бүтіндеу ісі жас талғамайды. Сондықтан қолдан келген барлық мүмкіндікті қарастыру барлық қоғам өкілдеріне ортақ дүние.

Ауданда қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып тұрады. Алғашқы жылдары аудандағы ерікті жастар болып жалғыз басты қарттардың ауласын тазалап, көпбалалы отбасыларға азық-түлік тарататынбыз.

Көпбалалы отбасыларга еріктілер боп қаражат жинап, қолдан келгенше көмектесіп жүрдік.

Содан «Мақат жастары» қоғамдық бірлестігіне жетекші болып, кейін бөлек волонтерлардың басын кұрадық. Жыл сайын аз қамтылған отбасы балаларына мектеп құралдары мен киімдерін алып, мектеп бітіруші түлектер кешіне көпбалалы, аз камтылған отбасы балаларына жеке кәсіпкерлердің көмегімен қыздарға кешкі көйлектер мен ұлдарға костюм және сұлулық салондарының қолдауымен тегін макияж, шаш үлгісін жасатып, көмектесетінбіз.

Еріктілер үнемі жаңа бастамамен қатар жақсы істердің жанында жүрері анық. Сондай-ақ, еріктілердің қолтаңбасын қоғамның барлық саласынан байқасаңыздар болады.

Мәселен, «Жас проджект» жобасы аясында 300-ден аса жастарды жұмыспен камтып, ауданға 50-ге жуық жастың кәсіп ашуына ықпал еттік десем де болады», - дейді Айкүріш Серікқызы. Сондай-ақ, ол көп жұмыстар волонтер арқылы жасалатындығын, мұндай игі шараларды креативті түрде жасағанды ұнататындығын айтады.

Атап айтқанда, ол әлеуметтік дүкен, «Ерекше жанмен бір күн» акциялары секілді көптеген іс-шаралардың басында жүріп, «Самғау» жобасы бойынша ауданның 30-ға жуық жастарын тренерлікке оқытқан. Ол аркылы жастар жұмысқа орналасу, лайықты еңбек ету секілді дағдыларды үйренді.

Айкүріштің айтуынша, соңғы жылдарда ерікті жастар Асылбек Өтеген мен Қайырғали Өтешовпен бірлесіп, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша ауырып жатқан жандардың еміне қаражат жинап, көмектесіп жүр.

Өзгеге қол ұшын созу, бастаманы іліп алып, соңына дейін жеткізуді мақсат ететін ол еріктілердің атқарар шаруасы әлі алда дейді.

Жалпы аудандағы ерікті жастар көптеген қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, қайырлы істің басында жүреді.

Тіпті, елдегі және басқа мемлекеттегі қиын кезеңдерде де еріктілердің қолтаңбасын қоғамның барлық саласынан байқадық. Ел абдырап, халық қобалжыған сәтте аудан, облыс аумағында көптеген ерікті бір кісідей қолдау танытып, көмек көрсеткені ел есінде.

Міне, жүректерінде жылу, жүздеріне мейірім ұялаған еріктілердің жолы қашанда үлгілі. Олар осынысымен алғысқа бөленіп жүр.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521