Бүгін, 21 сәуір күні, партия мүшелерінің, мемлекеттік орган өкілдері және қоғам белсенділерінің қатысуымен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Экология» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа "Сазанқұрақ" ЖШС бас директорының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев төрағалық етті.
Спикерлердің айтуынша, Атырау облысының экологиялық жағдайы нашарлаған. Бұған, ірі мұнай-газ және өндірістік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластауы себеп болып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары Атырау қаласы аумағында АМӨЗ, "Тухлая балка", "Квадрат" және "Атырау облысы Су Арнасы" КМК қарасты булану алаңдарынан шыққан көмірсутек иісіне шағымданып жүр.
- Атырау облысы аумағындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін, облыстық әкімдікпен бірігіп, экология департаменті экологиялық мәселелерді кешенді шешу бойынша жол картасын дайындады, - деді Атырау облысы экология департаменті басшысы Әлібек Бекмұхамбетов.
Оның айтуынша, жол картасы аясында "Тухлая балка" және "Квадрат" булану алаңдарын рекультивациялау жұмыстары да жоспарланған. Сонымен қатар, өндіріс ошақтарынан шығатын және ауаға таралатын зиян заттар мөлшерін азайтуға бағыттлған жұмыстар қолға алынған.
Бұдан бөлек, күн тәртібінде Мақат ауданы орталығы Доссор кентінің де экологиялық мәселелері көтерілді.