Қыстың сәні ақ ұлпа.
Қарсыз қыс мезгіліне соңғы жылдары көңіліміз жабырқасада көзіміз үйренісіп қалғандай еді. Міне, ақпан бел ортасынан ауа бастағанда тағы да қар жауып қыстың қызығы енді басталғандай. Жапалақтап жауған қарға жас та кәрі де мәз. Әр мекеменің алдында екі қолына бір күрек ұстаған жан. Көше бойының қарын күреуге қос кентіміздің де әкімдігі аянып қалған жоқ.
Доссор кентінің әкімі Б.Ермековтың айтуынша қар күреуге төрт арнаулы техника жұмылдырылып, алғаш жауған күні-ақ таңғы беске дейін тоқтаусыз жұмыс жасалған.
"Мақат кенті бойынша да төрт арнаулы техника жұмылдырылып, көшелердің барлығын кешке дейін қардан арылту жоспарланып отыр",-дейді кент әкімі Е.Ермағамбетов.
Ал ауа райын болжаушылардың мәліметіне көз жүгіртсек алдағы 21,22,23 және 27-ші ақпан күндері тағы да қар жауады деп күтілуде екен. Ендеше құрал-сайманарыңыз сақадай сай болсын!
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан