Қамшы жасауға ептілік керек

(0 Votes)

Сан ғасырмен сұрыпталған халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінде қамшының алатын орыны ерекше.  Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сияпаттың төресі. Сондай-ақ, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі саналған деседі.

Ауданымызда ата жолын жалғап, қамшы жасаумен айналысып жүрген жан бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ұлттық құндылығымыздың бірі емес, бірегейі болып саналатын бұл бұйымды доссорлық Ерсайын Жанболат әлеуметтік желіден ғаламтор арқылы үйреніп алыпты. 

2013 жылдан бері Доссор мәдениет үйінде күзетшілік қызмет ететін ағамыздың негізгі кәсібі ағаш шебері екен. Дәл осы  Доссор мәдениет үйінің жанынан ашылған қолөнер үйірмесінде ол білгенін балалармен бөлісіп келеді. Дегенмен үйірме қазіргі таңда тек тігін үйірмесі болып жұмысын қыз балалармен ғана жалғастыруда. Ал, алтын қолды ағамыз арнайы штат ашылса, қамшы жасаудың қыр-сырымен бөлісуге әлі де дайынмын дейді.

667d5356-8054-4ce6-b21a-e0d0b185c0bc

Бір кездері Атырау қаласындағы Мақат ауданының күндері кезінде көрменің сәнін кіргізген де осы әшекейлі, тобылғы сапты қамшылар -тұғын.

Әуесқой қолөнершінің айтуынша, қамшы үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін өріле береді екен. Әдетте қамшыны екі жасар серке болмаса, құнан өгіздің иі қанған терісінен жасайды. Қамшы кіп-кішкентай болғанымен, өрім, сап, орам, кежеге, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек сынды бірнеше бөліктерге бөлінеді. Жалпы, қазақ халқында сүндет қамшы, неке қамшы, баптау қамшы, бәйге қамшы, соп қамшы, аңшы қамшы т.б түрлері жетіп артылады. Тіпті, қамшыны ұстау мен қолданудың да өзіндік ережелері бар. Мысалы, оны оң қолға екі бөліп ұстайды. Ал өрімін салбыратып ұстау - дұшпандықтың, әдепсіздіктің белгісі саналған. Сондай-ақ, жөн сұрасқандарға саусақтың ұшымен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Осындай тағылымға толы дүниені жасауға атсалысып жүрген ағамыз тасада қалып қоймаса екен деп тиісті бөлімдерді қамшылағандағы түріміз бұл.

А.САДЫКОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521