Дәрігерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық жедел жәрдем фельдшері Перизат Мүстекенова облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының директоры Азамат Ерболатовтың алғыс хатымен марапатталды.
Ерекше еңбегімен көзге түскен Перизат 2013-2016 жылдар аралығында Атырау медицина колледжінде фельдшер мамандығында оқып, еңбек жолын алғаш 2017 жылы Атырау медициналық жедел жәрдем станциясында бастаған. Кейіннен 2018 жылы аудандық жедел жәрдем фельдшері болып жұмысқа орналасып, бүгінде аға фельдшері лауазымына дейін жетіп, жемісті еңбек етіп келеді.
«Ұлт саулығы мемлекеттің басты міндеті. Осы орайда медицина қызметкерлерінің еңбегі еленіп, марапат биігінде көрініп жатқанына қуаныштымын. Осының барлығы күннің қытымыр аязы мен аптап ыстығына қарамастан еткен еңбегіміздің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да адам жанының арашасы болып, аудан тұрғындары үшін қызмет етуге дайынбыз», - дейді Перизат.
Иә, тәуліктің қай мезгілі болсада, уақытқа қарамастан еңбек етіп жүрген ол бүгінде үш баланың анасы. Сондай-ақ, жанқияр ерлігі мен атқарған қызметі үшін аудан тұрғындарының алғысын арқалап жүрген білікті маман.
Ботакөз ҚАСЫМОВА