22 мамыр – 11 маусым аралығында өтіп жатқан республикалық «Барлығы балалар үшін» акциясына орай аудандық мәдениет үйі ұжымы «Кино көріп қайтамыз» шарасын өткізді.
Сейсенбі күні акция аясында мәдениет үйінің лед экраны арқылы «Қазақфильм» орталығының анимациялық «Мұзбалақ» отандық мультфильмі аудан бүлдіршіндерінің назарына ұсынылды. Аталмыш іс-шараның мақсаты бүлдіршіндерге рухани-адамгершілік қасиеттерді ұялату, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық сезімдерін арттыру, ұлттық келісімді, жастардың эстетикалық мәдениетін дамыту болып табылады.
Мультфильмнің оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналып келе жатқан абжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып, жоқ болады.
Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен абжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттелді.
Шара барысында балалар аса қызығушылық танытып, «Мұзбалақ» атты мультфильмді жақсы көңіл-күймен тамашалап қайтты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА