Қоршауда қалған құдықтар

(0 Votes)

Аудандағы кейбір дүкендер мен сауда үйлері кәріз және ауыз су жүйелерінің үстіне құрылыс жұмыстарын жүргізіп, ғимараттар тұрғызғаны туралы газетіміздің №31 2 тамыздағы нөмірінде «Кәріз құдығы құлыпта қалған» тақырыппен жарияланған болатын.

Алайда, құдықтарды құлыптан ашып алудың әлі күнге дейін еш мүмкіндігі табылмай тұр. Әрине, «Тас түскен жеріне ауыр», халықты ауыз сумен қамтып, кәріз жүйелерінің жұмысын реттейтін «Атырау су арнасы» мекемесінің қалыпты қызмет көрсетуіне кедергі келтіріп отырса керек.

Мекеменің аудандағы жауапты маманы Қонсалы Төлеуовтің айтуы бойынша бітеліп қалған орталық аула құдықтарын тазалау үшін Вакуум автокөлігінің кіруіне ешқандай мүмкіндік жоқ екен. Атап айтқанда, «Айсұлу», «Аружан» дүкендері кәріз жүйесінің үстінен құрылыс салып, шарбақпен қоршап тастаса, Т.Омаров пен «Қайрат» атты дүкенінің ауласына кіруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Өйткені, Т.Омаров орталық кәріз жүйесінің құдығын заңсыз биіктетіп, вакуумның шлангасы жетпей, құдық тазалауға түскен адам газға уланып қалуы әбден мүмкін жағдай. Ал, орталық базарда орналасқан «Самса», «Жеміс-жидек» дүңгіршегі орталық кәріз жүйесінің қақ ортасында орналасқан. «Үміт» сауда орталығының басшысы орталық кәріз жүйесіне 200 мм құбыр ішінен 100 мм полиэтилен құбыр салып, «Ару», «Алтын» дүкендерінің кәріз жүйелерін бітеп, заңсыздыққа барып отыр. «Болашақ» сауда үйінің иесі С.Қуаныш орталық кәріз жүйесінің үстінен қойма салып, шарбақпен қоршап тастаған болса, жеке кәсіпкер Б.Едігеева 80/4-де орналасқан үйінің артын темір шарбақпен қоршап қойса керек. Оған қоса, «Лаваш Чекен» атты дүңгіршек салып қойған. Сол шарбақта бірнеше аула құдықтары орналасқан. Аталған мәселе бойынша жергілікті тұрғындарының наразылығын тудырған. Сол сияқты А.Жұмашова көшесінде орналасқан автомектептің шарбағында да орталық кәріз жүйесінің құдығы тұрса, «Мирас» ЖШС-нің ғимараты көше бетіндегі шарбағы орталық кәріз жүйесінің үстімен жүргізіліпті. Шарбақты 4 метрге шұғыл түрде ығыстырып, құзырлы органдар арқылы бір жүйеге келтірсе дейді.

Ал, С.Мұқашев көшесі бойындағы ауыл тұрғындары А.Амиров пен Қ.Қарақойшиевтер үйлерінің маңын қоршап, орталық кәріз жүйесі құдықтарын шарбақ ішінде қалдырған. Оның үстіне монша салып алса, Ә.Дүйсенов те шарбақ ішінде құдық қалдырып, «Атырау су арнасының» мамандарының қызмет көрсетуіне кедергі келтіріп отыр.

Сонымен қатар, С.Алиев көшесінде орналасқан 18/1 үйдің тұрғыны Ж.Тағаеваның арызы бойынша жеке үйде тұратын Н.Қайыров жеке тұрғын үй салар кезінде ауыз су жүйесін техникалық шарттарда белгіленген нүктесінен алмай, көпқабатты үйдің жертөлесінен алып отырған. Соның салдарынан тұрба жарылып, күлімсі иіс шыға бастаған. Аталған тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерге ескертпе қағаздары таратылған. Бірақ еш нәтиже болмаған. Құлақ асып жатқандар жоқтың қасы.

Жоғарыда кездескен келеңсіздіктер орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің меншікке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 тараудағы 136 бабының жерге мемлекеттік меншік құқығын беру бойынша мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау, не жерге мемлекеттік меншік құқығын тікелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттік жерді уақтылы қайтармау – жеке тұлғаларға –75, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн, сондай-ақ айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) – 2 405 теңге екен. Сонда жеке тұлғаларға 180 375 теңге болса, шағын кәсіпкерлерге – 240 500 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 360 750 теңгені құраса, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 1 683 500 теңгені құрап отыр.

Егер бұл жағдайлар өз шешімін таппаған жағдайда, «Атырау су арнасы» Атырау облыстық жерді қадағалау және бақылау инспекциясымен прокуратураға әкімшілік іс қозғау туралы ұсыныс жолдайды.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Суреттер автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT