Өнім көлемі артқанмен, ауаға бөлінетін зиян азаяды

(0 Votes)

2016 жылдың жазында басталған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасы-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының жүзеге асырыла бастағанына да бес жылдан астам уақыт өтті.

Дүниежүзін дүрліктірген тәж тажалынан төнген қауіп-қатерге байланысты енгізілген қатаң карантиндік шектеулерге байланысты аздап кешеуілдесе де, 20 мың адамды жұмыспен қамтыған құрылыс жұмыстары биылдан бастап өз мәресіне жете бастады.  Бүгінгі таңда алдын ала құрастырылған барлық 86 модульдің іргетасы орнатылып, құрылыс – монтаж жұмыстарының 89 пайызы аяқталу үстінде. Еске сала кетейік, Теңіз кенішінде Үшінші буын зауыты іске қосылса, онда мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға артып, ТШО қара алтын өндіру қарқынын 39 млн тоннаға дейін арттырады деп жоспарланған.

Аталған жобалар іске қосылған жағдайда жалпы алып кеніштегі ірі өндіріс ошағының қоршаған ортаға тигізер әсері қандай болмақ?

Өткен сейсенбіде   «Теңізшевройл» ЖШС-ның  Құлсарыда   аудан тұрғындарымен өткізген   қоғамдық тыңдауы осы мәселерді қамтыды.  Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Қондыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, облыстық экология басқармасының өкілі Абзал Теміров,   бірқатар аудандық мекеме басшылары, жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері,  қоғам белсенділері, ауданның мұнай-газ саласының мамандары мен ардагерлері, аудан тұрғындары және ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев, кәсіпорынның эколог мамандары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Сонымен қатар, қоғамдық тыңдау офлайн әрі онлайн түрде өткізілді, яғни адамдарға кез-келген жерден қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша компания өзінің ашықтығы мен тақырыпты талқылауға дайындығын көрсетті.

Алдымен қоғамдық тыңдауға қатысушылар назарына кәсіпорынның «Келешек кеңею жобасының  басталуына орай қосымша көлемдерді есепке алатын өндірістік сарқын суды жер астына айдау жобасының қосымшаға ықтимал әсерлер туралы есеп» тыңдалды.

Аталған мәселе бойынша   компанияның кен орынын  игеру басқармасының нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Гүлжамал Мақсотова өндірістік процестер кезінде шығарылатын тазартылған сарқын суды жер астына айдау, оның қоршаған ортаға әсері жоқтығы туралы әңгімелеп берді.   Ол өз баяндамасында арнайы слайдтар көмегімен   гидрогеологиялық мониторинг, табиғатты қорғау іс-шаралары және басқа да мәселелерге  жан-жақты  тоқталды.   Түстен кейін де   жалғасын тапқан  қоғамдық тыңдауда, алдымен, «2022-2024 жылдарға экологиялық рұқсат алу үшін дайындалған құжаттар топтамасындағы ТШО-ның экологиялық жобалары» сөз болды. Онда ТШО-ның экологиялық саясат жөніндегі кеңесшісі Талғатбек Мұратбаев компанияның 2022-2024 жылдарға арналған жалпы қоршаған ортаға бөлінетін заттардың мөлшері жайлы әңгімеледі. Соның ішінде ағын  сулармен рұқсат етілген төгінділердің нормативтік жобасына енгізілген түзетулер, қалдықтарды басқару бағдарламасы, күкірт алаңдарында күкіртті орналастыру нормативтерінің жобасы, өндірістік нысандағы   экологиялық бақылау бағдарламасы бойынша түсінік беріп, 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс-шараларға енгізілген жоспармен бөлісті.  Сондай-ақ, ол  «Теңізшевройлдың»  2021 жылы қол жеткізген негізгі экологиялық көрсеткіштерін  атап  өтті.  Алға қарай да бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, қоршаған ортаны қорғау бағытында көптеген іс-шаралар кешені дайындалатынын білдік.

-2021 жылы ТШО-ның өндірістік көрсеткіштері жоғары деңгейде болды. Біздің негізгі өндірісіміз өндірістің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етті. Өткен жылы өндірілген мұнай көлемі 26,6 млн тоннаны құрады. Сонымен бірге 2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққандағы атмосфераға шығарындылар 65 пайызға қысқарды. Соңғы бес жылда компания газды алауда жағу көлемін қысқартты. Айта кету керек, кен орнында суды үнемдеу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда – ТШО нысандарында судың 46 пайызы қайта пайдаланылады. - деді кеңесші Т. Мұратбаев.

Қоғамдық тыңдаулар кезінде аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Дайрабай Елдесбаев,    «қоғам белсендісі Жанаргүл Шарғабаева,  Құлсары мүгедектер қоғамының төрағасы Қайрат Еңсепов, мәслихат депутаты Сәуле Мамбетова, үкіметтік емес ұйым жетекшілері Ләйла Сұлтанбаева, Алтынгүл Атабаева, қала тұрғындары Ербол Сүйінғалиев, Роза Нысанбаева және басқалар экологиялық, әлеуметтік мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды.

Жиналғандарды мазалаған  сауалдарға компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Р. Артығалиев, аудан әкімінің орынбасары Н. Қоңдыбаев,  облыстық экология департаменті мен ТШО-ның эколог мамандары  жан-жақтан жауап берді.

Аудан әкім орынбасарының айтуынша, «қоғамдық тыңдауға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселені талқылауға белсене қатысып, туған жердің болашағы, оның экологиялық жағдайы қашан да  өзекті  проблема болып қалатынын байқатты». Қатысушылардың қоғамдық тыңдау шеңберінен шығып кеткен сәттері де  болмады емес, болды.  Десек те, кәсіпорынның ауданның ертеңіне бағытталған жобалары мен шараларының жалғасын табатынына көңіл сенді. Ал, тыңдаудың тақырыбынан тыс жазба түрінде түскен сауалдарға жауап міндетті түрде кейін жазбаша берілетіндігі айтылды. Ең бастысы-қоғамдық тыңдау «бірлесіп пішкен тонның келте болмайтынын» көрсетті.    

 

 

Е.Бисекенұлы,

Құлсары қаласы

Жылыой ауданы.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT