«Мың баладан» дараланды

(0 Votes)

Әдетте қала балалары үшін өркениеттің барлық жетістіктері қолжетімді, ауыл балалары бұл игіліктерді көре алмай жүр деп жиі айтамыз ғой. Десе де елімізде бұл бағытта да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі де, бірегейі «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін білім бәйгесі ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларды қолдау мен дамытуға бағытталған ұлттық ауқымды жоба. Бұл жоба Елбасының «El Úmiti» бастамасы аясында жүзеге асырылады. Олимпиада шартына сәйкес, байқауға тек 5-ші және 6-шы сынып оқушылары қатыса алды. Қорытынды бойынша үздік нәтиже көрсеткендер республикамыздың дарынды балаларға мамандандырылған мектептерінде оқуларын жалғастыра алады.


Ауыл балалары арасында өткен олимпиаданың бірінші кезеңіне ауданнан 5 сыныптан 101 озат оқушының 87-сі және 6 сыныптан 104 озат оқушының 76-сы қатысуға мүмкіндік алды. Олардың білімдері оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бағаланды. Нәтижесінде тек 8 оқушы облыстық кезеңге жолдама алды.
Республикалық кезеңде бақ сынаған ауданымыздың оқушылары Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Медина Бақытқызы және Х.Санбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Бекзат Таласұлы жеңімпаз атанды. 6 сынып оқушылары облыс бойынша математика пәнінен жоғары көрсеткіш көрсетті.

whatsapp-image-2021-10-13-at-08_09_32


Бүгінде білім додасында бәйге алғандар өз таңдаулары бойынша дарынды балаларға арналған мектептерге емтихансыз қабылданып, білім алып жатыр. Атап айтсақ, жаңа оқу жылынан бастап М.Бақытқызы Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде және Б.Таласұлы Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінде 7-ші сыныпты жалғастырып жатыр.
«Мың бала» зияткерлік олимпиадасына қатысып, жоғары ұпай жинадым. Сол арқылы, ауданындағы мектептен өзім армандап жүрген Назарбаев Зияткерлік мектебіне емтихансыз қабылдандым. Оның үстіне оқу тегін, жатахана да қарастырылған. Бұл жерде білім деңгейі өте жоғары, осында білім алып жатқаныма өте қуаныштымын. Білімділерді қолдайтын «Мың бала» сынды олимпиадалар көбейе берсе екен», – дейді «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы М.Бақытқызы.


Оқушыларды дайындаған ұстаздардың да еңбегі өлшеусіз екені анық. Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ақжол Ізтұрғанұлы және Х.Санбаев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Айгерім Арыстанғалиқызы әлі талай шәкірттері білім додасында жоғары нәтижеге қол жеткізетініне дәмелі.
Айта кетейік, аталмыш олимпиаданың республикалық кезеңінде 33 атыраулық оқушы жеңімпаз атанса, олардың 26-сы аудан, ауылдардан қатысқан балалар.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521