Ардақтысын аялап, қадірлісін құрметтей білген ел еңбек ардагерлерінің де бағасын өз деңгейінде бағамдай білген. Аудандық мәдениет үйінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Еңбек күніне орай өлкеміздің төл перзенті, ауданда 50 жылға жуық абыройлы қызмет жасаған еңбек ардагері Қуат Қарағойшыұлымен кездесу кеші өткізілді. Иығымен көтерсе нардың жүгін ауырсынбайтын аға - үлкенге қайырымды іні де бола білетін азамат. Отбасының тірегі, мейірбан әке атанған Қуат Қарағойшыұлы биыл мерейлі 70 жасқа толды.
Атаулы іс-шараға ардагерлер, мәдениет қызметкерлері, мерейтой иесінің ағайын-туыстары қатысты. "Ағайдың дара жолында осы аудандық мәдениет үйінің алатын орны ерекше деп ойлаймыз. Сол себепті сахна саңлағының сара жолын кейінгі ұрпақ үлгі ету мақсатында бүгінгі кездесуді өткізуді жөн көрдік",-дейді ұйымдастырушылар.
Әдемі әуенмен әрленген шара қонақтардың жүрекжарды лебізіне ұласты. Сондай-ақ, мекеме басшысы К.Төлебаева мерейтой иесі Қ.Қарғойшиевке алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етіп, мәдениет саласының ардагерлеріне гүл шоқтарын ұсынды. Кездесу кешінде сөз алған Қ.Қарағойшыұлы әріптестеріне баянды ғұмыр тілеп, мәдениет саласында жұмыс істеп, бірге еңбек еткен жылдарын еске түсірді. Еңбек ардагері өздеріне құрмет көрсеткен ұжымға ризашылығын жеткізді.
А.Садықов