Музей қоры толықты

(0 Votes)

Музей - өлкенің тарихы, халықтың қазынасы. Ендеше Мақат тарихи-өлкетану музейі де туған жердің тарихын түгендеп, өскелең ұрпаққа насихаттауда жүйелі жұмыс істеп келеді. 

Ғасырлық жолдан өткен Қазақстан мұнайы осы жылдар ішінде талай еңбек тарландарын өсіріп шығарды. Мұндай аптал азаматтар мен нәзік жанды аналардың еңбектері, ерліктері талайды тәнті етіп, талайларға үлгі-өнеге болып келеді. Олардың абзал ісі, бүгін де, кейін де құрметпен айтуға әбден лайық. Солардың бірі де бірегейі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин орденінің иегері Дәужанова Бәкес болатын.

Бәкес Шәудірбайқызы Дәужанова 1921 жылы Жылыой ауданындағы Қаңбақты елді мекенінде шаруа жанұясында дүниеге келген. Бәкес апайдың балалық шағы қиын кезеңге толы болды. Есін енді-енді біліп келе жатқанда әкесі, кейін анасы дүние салып, жетімдіктің ызғары мен суығын басынан кешіреді. Әкесінің туыстары 6 жастағы қыз баланы қолдарына алып, әке-шешесін жоқтатпай, бағып-қағады.

Сол кезде елдің жағдайы да мәз емес еді. Ауқатты адамдардың малын кәмпескелеп, өздерін жер аударып, дүрбелеңге түсіп жатқан кезі болатын. Сонымен қатар елде жаппай ашаршылық белең алып, ауыл адамдарының басына қара түнек болып үйірілген еді. Тұрмыс түзеліп, ел қатарлы өмір сүріп келе жатырғанда  соғыс оты бұрқ етіп, бейбіт өмірдің шырқын бұзды. Бәкес 1942 жылы Доссор мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа кірді. Ер азаматтар соғысқа аттанғанда, олардың орнын әйелдер ауыстырған болатын. Мұнай шебері Жылқышиев Қайырғалидың қарауына бекітілген Бәкес анамыз «Жұмыс уақыты санаусыз, тәртіп қатаң, мұнай беріп тұрған әр скважинаның тұрып қалмауына ат салысып, сынған жерін тез арада жөндеп, дамыл таппайтынбыз» - деп еске алатын.

 Бәкес Дәужанованың Отан алдындағы еңбегі лайықты бағаланды. 1969 жылы оған «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұнайшы», 1970 жылы «Өндіріс озаты» атақтары берілді. 1971 жылдың наурызында ол КСРО-ның Жоғары наградасы «Ленин» орденімен марапатталды. Ол сонымен қатар КСРО-ның бірнеше медалімен, одақтың мұнай өнеркәсібі министрлігінің облыстық, аудандық басшы органдардың бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды.

2019 жылдың 30-шы қыркүйек күні Бәкес Дәужанованың келіні Айгүл Қайырғалиқызы музейдің тұрақты қорына анасының медальдары, төс белгілері, Құрмет грамоталары, құжаттары, фотосуреттері мен баспасөз бетіне жарық көрген мақалаларын тапсырды. 

Құралай Айдаралиева,

Мақат тарихи-өлкетану музейінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT