Бүгін - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау күні.
Еліміздің әр азаматы өз таңдауын жасайтын күн бүгін. Мақат ауданында 12 сайлау учаскесі жұмысын таң елең-алаңнан бастап кетті.
Мақат кентіндегі «Нұрбөбек» балабақшасында орналасқан №205 сайлау учаскесінің мүшелері сағат алтыда учаскеге келіп, жұмысын бастағанмен, сағат жетіні көрсеткен сәтте есігін айқара ашты.
Мұнда алғашқы сайлаушы учаске ашылғаннан келіп, өз таңдауын жасап үлгерді. Бірінші болып келгендердің қатарында Нығметов Медет те болды.
Медет Мақатта туып-өскен. Мұса Баймұханов атындағы орта мектептен орта білім алып, мұнай саласындағы жоғары білімін жалғады. Бүгінде мұнай-газ саласында қызмет етеді. -Жалпы, кез келген істі ерте бастаған жөн. Сондықтан ерте тұрып, жоспарлаған ісімді атқарып тастағанды жаным сүйеді. Мен бүгін таңертең тұрып, өз сайлау учаскеме асықтым. Себебі, мен үшін таңдау жасауым маңызды. Партияны таңдап алу біздің тұрақтылығымыз бен балаларымның келешігінің кепілі деп білемін,-дейді Медет.
Сайлау учаскесінің хатшысы Айнұр Сәрсенбаевадан білгеніміздей, мұнда 1274 сайлаушы тіркелген. 152 сайлаушы бүгінгі күні вахтада. Жұмыс орнында дауыс беруі үшін талапқа сай шара ұйымдастырылған.
Е.МЫРЗА.