Бүгін, 31 мамыр күні аудан тұрғындары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, зұлмат жылдары қаза тапқандарды аза тұтты. Доссор кентіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке 16 мекеме ұжымы жиналып, солақай саясаттың құрбаны болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов бастап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қазір ауданда қуғын-сүргін құрбандарының 5 ұрпағы ғана қалған. Солардың бірі доссорлық Татяна Гейт. Ол отбасының тарихын баяндай келе, қиын-қыстау заманда бауырына тартып, барымен бөліскен қазақ халқының қамқорлығына ризашылығын білдірді. Татянаның ата-анасы неміс жерінен 1941 жылы Қазақстанға жер аударылған. Алғашқыда Оңтүстік Қазақстанға табан тіреген олар кейін Доссорға тұрақтапты.
«Ата-анам нәубет жылдары туралы көп айтқанды ұнатпайтын. Өйткені олар үшін бұл өте қиын тақырып болды. Есімде қалғаны - 1956 жылдары ол кезде кішкентаймын, ата-анамызбен арнайы комендатураға сүйреп апаратын. Бізді сатқындар деп атады. Сол кезде қазақ халқы қолындағы нанымен бөлісті. Құрттық азық қылық лақтырды. Мейірімділік көрсетті. Біз мұны ұмытпаймыз», - дейді Татяна Гейт.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу іс-шарасы одан әрі аудандық архивте жалғасып, құрбандардың ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырылды.
Нәубет жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың қанды ізі Мақат жерінде де жатыр. Тарихшылардың сөзінше, Бәйгетөбе ауылының іргесінде және Доссор кентінің шығыс бетінде кезінде тұтқындар лагері болған. Мұнда 1940 жылдардың аяғына таман 900-ге тарта литвалық саяси тұтқын әйел әкелініп, жертөледе өмір сүрген. Сондай-ақ, Кавказдан жер аударылып, Еділ бойынан еріксіз көшірілген неміс, болгар, шешен, орыс ұлтының өкілдері де сол кездегі ауыл халқының санын көбейткен көрінеді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА