Биыл маусым айында жеңілдікпен несиелейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды.
Бұл жоба арқылы инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қайта қаржыландыруға несие алуға болады. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 23 кәсіпкердің жобасы жалпы соммасы 6 млрд теңгеге қолдау алған. Бұл туралы «Даму» қорының АОФ директоры Ернар Жұмағалиев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз туры барысында айтты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Біз кәсіпкерлерге үйреншікті қолдау тетіктерін сақтап қалдық, алайда олардың мазмұнын едәуір жетілдіріп, жұмыстың тиімділігін арттырдық. Сондай-ақ экономиканың басым салалары тізімі айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру. Атырау облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 9500 жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 605 млрд теңге салық төледі, - деді Ернар Жұмағалиев.
Баспасөз туры аясында журналистер өңірдегі үш кәсіпорынның жұмысымен танысты. Солардың бірі — «Домино Групп» ЖШС. Мұнда өнеркәсіптік және азаматтық нысандарға арналған инженерлік жүйелерді жобалау, жабдықтарды жеткізу, монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ спиральді орамды ауа арналарын өндіру қолға алынған. Биыл бизнесті кеңейту үшін компания айналым қаражатын толықтыру үшін «Forte Bank» АҚ арқылы қаржыландыруға қол жеткізді.
- «ДАМУ» қорының кепілдік қолдауымен біз қаржыландыру алып, өндірісті іске қостық. Қазіргі уақытта желдету жүйелерін өндіретін цехта шамамен 12 адам жұмыс істейді. Металды өңдеу көлемі тәулігіне 5 тоннаға жуықтайды. Біз тікелей кесу арқылы қайта өңдеу жұмыстарын жүргіземіз,- деді өндіріс жөніндегі директор Федор Ефремов.
Ал отандық өндіруші «Теплый дом» ЖШС фасад термоплиттерін, пенопласт және фиброполистиролбетоннан жасалған сәндік элементтер өндірумен айналысады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастықтың арқасында компания 12,6% мөлшерлемемен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңіл несие алған.
- Бүгінде тәулігіне 1500 шаршы метр сэндвич-панель өндіреміз. Бұл — біз соңғы екі жылда іске қосқан жаңа өнім, сонымен қатар жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтып отырмыз. Біздің кәсіпорын 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында «Даму» қорының қолдауымен төрт жобаны іске асырдық,- деді кәсіпкер Арман Сағдығалиев.
Өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына зор үлес қосып, көпсалалы өндіріске айналғандардың бірі — «Континент Ко ЛТД» өндірістік-коммерциялық фирмасы. Бұл компания батыс өңірінде телекоммуникациялық мақсаттағы талшықты-оптикалық және құрамында мыс бар кабель өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыт жылына 36 мың км кабель және 100-ден астам талшықты-оптикалық кабельдік өнімдерді шығарады. Кәсіпорын жыл сайын қор ұсынған субсидиялау және кепілдік беру құралдары бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысып келеді.



