Мемлекеттік қызметшілердің жан-жақты дамуына бағыт-бағдар беру, қоғамдағы өзгерістерден шет қалмай қызметті білім, спорт және мәдениетпен ұштастыру бағытында іс-шаралар жасақталған.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұсынымымен Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Тәлімгерлер кеңесі «Мемлекеттік қызметшінің жеті қазынасы» топтамасын өткізуді ұсынған еді.
Осыған орай мемлекеттік қызметшілер арасында халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтауға арналған «Әдептілік - дәстүрден» атты байқау ұйымдастырылды.
Қазақтың салт-дәстүрі мен мақал-мәтелдері бойынша сынға түскендердің жүлделерін аппарат басшысы Бекәділ Жайкин табыстады.
Онлайн форматында өткен сайысқа барлығы 8 мемлекеттік қызметші қатысты. Олардың 5-еуіне алғыс хат табысталып, 3-еуі жеңімпаздар қатарында болды.
Нақтырақ айтқанда, 3-орынды аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Әйгерім Исмағамбетова, 2-орынды аудандық персоналды басқару бөлімінің бас маманы Жәйнагүл Сырлыбаева, ал 1-орынды аудандық ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Ерболат Қырықбаев иеленді.
Шара соңында аппарат басшысы: «Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмысты қатар ала жүріп, аталған ойында бақ сынағандарыңыз үшін өз атымнан алғыс білдіремін. Облыс көлемінде өтетін сайысқа жолдама алған әріптестеріміз аудан абыройын асқақтататынына сенімдімін», - деді.
А.Есжан