Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде "Менің Туым, менің Отаным!" атты патриоттық акция өтті. "Nur Otan" партиясының аудандық филиалы және аталмыш колледж ұжымы ұйымдастырған акцияда мемлекеттік Ту орнатылып, мерекелік іс-шараға жалғасты.
Акцияға депутаттар, мекеме басшылары, оқушылар мен студенттер, ұстаздар қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы рәміздерді құрметтеу баршаға ортақ парыз екенін жеткізді. Ал, "Nur Otan" партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Қонысбайұлы патриоттық акцияның мақсаты қазақстандық жастар арасында патриоттық сезімді нығайтып, мемлекеттік туды орнатуға тыйым салу стереотипін жою екенін айтты.
Шара барысында аудан әкімі Шәкір Кейкин және Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Ізтұрған Молдабекұлы салтанатты рәсіммен мемлекеттік туды көтерді. Кейін, көк туды желбіреткен шарада қатысушылар әнұранды бір деммен шырқады.
Салтанатты жиында отаншылдыққа шақыратын әндер шырқалып, көк Тудың мән-маңызын түсіндіретін келелі ойлар айтылды. Айта кетейік, ел аумағында қазан айының ортасында бастау алған бұл республикалық акция келер жылдың маусым айына дейін жалғаспақ.
М.Ізтұрғанова
Суреттер автордікі