Доссор кентіндегі Қ.Жандауов көшесіндегі үйге аққу қонған.
Ұяластарынан бөлініп әбден әлсіреп қалған «құс төресін» кент тұрғыны Мәрия Бикешова байқаған. Екі күн бұрын табылған аққуды азаматтық ұстанымды ұстанған тұрғындар жылы жерде баптап бағып отыр. Редакциямызға хабарласқан Мәрия Бикешова дереу жергілікті билік пен жауапты мекемелерге хабарласқанымен, байланыса алмаған.
«Алдыңғы күні бұл құсты шарбағымыздан байқадық. Алғашында көршілердің құсы болар деп, мән бермеген едік. Кейін, аққу екенін таныдық. Қанатынан зақым алған. Енді бұл құсты өлтіріп аламыз ба деп қорқып жүрміз. Киелі құс болған соң, шамамыз келгенше апаратын жеріне апарып, үйіріне қосып жіберсек, деген тілегіміз бар»,- дейді Мәрия апай.
Аққуды тапқаннан кейін, Мәрия апай құс асырайтын көршісінің үйіне берген. Қазір жылы жерде, су, жемін беріп ұстап отыр. Бірақ, сұлулық нысанына айналған құстың қазіргі жағдайы нашар.
Бағына орай аққу құстың бабын білетін Мәрия тұрғынның үйіне тап болған. Ол аспаннан ұшқан аққуды жиі байқап қаламын дейді. «Оларды санап, сыңарымен ұшып бара жатырғанын байқаймын. Киелі құс жұбын жазбай жүреді. Бір-біріне адал болады»,- деп ой бөлісті.
Қазір аудандық ветеринария бөлімі бұл жағдаймен таныс. Тиісті шешімін алып, аққуды үйіріне қосады деп үміттенеміз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет автордікі