Кәсіподаққа жүгінген қателеспейді

(0 Votes)

Қай қоғамда да өзіндік орны бар кәсіподақ ұйымы заман талабына орай ізденістер үстінде қызметін жалғап келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында кәсіптік одақтар институттарын жаңғыртуға қатысты жол сілтеуі өмір қажеттілігінен туындап отыр.

Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс ХХV съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан кәсіподақтары жұмыс берушілермен бірлесіп, өздеріне еңбек саласын жаңғырту жөнінде жауапкершілікті ала отырып, қазақстандықтардың төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен айналысатын қозғаушы күш болуы тиіс», – деп кәсіподақтардың мақсат-міндетін атап көрсеткені белгілі. Бұл Қазақстан кәсіподақтарының бүгінгі және алдағы уақыттағы жұмыстарына басты бағыт болып қала бермек.

Қоғамның ажырамас бөлігі ретінде қызметін түзуші кәсіподақтар адамдардың өнімді еңбек етуіне жағдай туғызуды бірінші кезекке қойып келеді.Негізінен, әлеуметтік әріптестікті дамыту, әлеуметтік саяси тұрақтылықты сақтау, ұжымдық еңбек дауларын болдырмау, мұғалімдердің, техникалық қызметкерлердің еңбек құқықтарының және әлеуметтік қорғалуын сақтау, қоғамдағы еңбек қатынастарын реттеудің негізгі ұйытқысы қашанда кәсіподақ екені белгілі. Ал кәсіподақ ұйымының тиімділігі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына тікелей қатысты. Оның басшысы педагог ретінде беделге ие ме, ол мектептің мәселелерін жақсы біле ме. Міне, осыған да тікелей қатысты. Сөзімізге дәлел – Мақат кентіндегі Мұса Баймұқанов атындағы орта мектептегі жағдай. Аталмыш мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысқан сәтте білгеніміздей, ұйым -ұжымның берекесін келтіріп, ынтымағын жарастырып келетін орта сапында.

Ұжымдағы ішкі тұрақтылық, ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс жасауына жағдай жасалып, мұғалім мәртебесін асыруда құқықтық заңдылықтарды қорғауды мақсат ететін мектептің кәсіподақ ұйымы мүшелерінің еңбек және әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбек пен оқу үшін тиісті жағдай жасауға күш-жігерін бағыттайды.

Мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымын бүгінде тәжірибелі мұғалім, білікті ұстаз Марияш Сатимова басқарса, қазынашы қызметін Қазақстан Білім беру ісінің үздігі Амангүл Құмарова атқарып келеді.

-  Кәсіподақтың 147 мүшесі және 25 ардагер ұстаздың мүддесі әрдайым назардан тыс қалған емес. Олар қоғамдағы әлеуметтік, рухани өзгерістерден тыс қалмай, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер мен ынталандыруға ие болып келеді.

Оқу жылы басталысымен (қыркүйек-қазан) айларында өткен оқу жылына шолу жасап, еңбегі еленген, жетістікке жеткен ұстаздарды марапаттау ұмыт қалдырған емеспіз.

Әрине, дәстүрлі түрде марапатталу шарасы өтетіндіктен, қызметкерлердің облыстық, республикалық, халықаралық межелерден табылғаны ескеріледі.

Сонымен қатар, ардагер ұстаздардың еңбектерін бағалап, оларды ұмытпай, әрдайым құрмет көрсетіп отыру мақсатында мұғалімдер күніне байланысты өтетін мерекелік шаралардан тыс қалдырмаймыз. Сондай-ақ, жылына 2 рет зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін табыстаймыз. (қарттар күні, наурыз мерекесі) .

Әрине, бұл жұмыстардың бәрі кәсіподақ ұйымдарында ұстаздардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік – экономикалық қызметін қорғауды жетілдіру және бұқара арасында білім қызметкерлерінің мәртебелерін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар деп есептеймін.

Кәсіподақ ұйымдарының арғы-бергі тарихы еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғауды алдына қойғандығын аға ұрпақ өкілдері басынан өткерген. Кәсіподақтар еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігі, басқа да еңбек жағдайларына байланысты өзекті мәселелерді ұдайы назарда ұстап келеді.

Сондықтан да кәсіподақ ұйымын қызметті ұйымдастырушы, қызметкерлер мен жұмыскерлердің жанашыры деп есептейтіндіктен, жыл есебін, жартыжылдық есепті беру дәстүрлі жұмыстар сапынан табылып отыр.

Қарапайым ғана баспасөзге жазылудың өзінде ұйым көмекке келіп, жалғызбасты зейнеткерлердің күнделікті ақпаратпен қамтылуына мән береді. Жалпы кіші техникалық қызметкерлерді жылына 2 рет қаржылай марапаттауды да ұмыт қалдырмай келеміз. (8 наурыз, 16 желтоқсан). Мұның бәрі ұйым мүшелерімен ақылдасып, бір шешімге келген іс-шаралар жоспарымен үйлесімді жасалған,-дейді М.Сатимова.

- Кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы – бұл ұжымдық шарт. Әлеуметтік еңбек қатынастары мәселелерінің басым бөлігі ұжымдық шарттар арқылы реттеледі. Жұмыс берушілер мен мұғалімдер және жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарына байланысты қарым – қатынастарды реттеп отыруда ұжымдық шарттың рөлі ерекше.

Кәсіподақтарға еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек кауіпсіздігі және басқа да өзекті де әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын табу үшін көп ізденіс қажет.

Осы мақсатта келісім – шарттар Еңбек кодексіне сай құрылып, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар тарапынан қаралып келісілді.

Біздегі әр шара, жұмсалған қаржы жіті бақылауда. Мерейгерлерді марапаттау, материалдық көмек сұраушылардың жағдайымен санасып, оған көмек қолын созу әр мезгіл назардан түскен емес. Ал, жазғы демалыста демалуға 1 адамнан емдеу-сауықтыруға жіберіп отырамыз. Оның 50% қаражатын кәсіподақ есебінен төлеп келеміз.

Ұйым болған соң бір бағытта ғана қызметке араласпай, салауатты тұрмысты қолдау мақсатында түрлі шаралардан тыс қалмай, оның да мүмкіндігін қарастырып келеміз. Спорттық шараларға қолдау таныту – ол жұмысымыздың ажырамас бір бағыты. Сондай-ақ, саламатты қоғамның мүшелерінің дені сау, жұмысқа қабілеттілігін арттыруда алдын ала екпе жұмыстарының өзіндік үлесі бар. Осы ретте техникалық қызметкерлерге екпе алуға да көмек қолын созып келеміз, -дейді Амангүл Құмарова.

Демек, кәсіподақ қатардағы қызметкердің еңбек қатынастарындағы өз мүддесін қорғауда басты арқасүйері болып қала бермек.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521