Көше атауына ағайынын тықпалауды қоймайды

(0 Votes)

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз атанғалы бергі уақытта біраз нәрсенің атауы өзгеріп, жаңаша сипат, келбетке ие бола бастады.

Солардың қатарында ауыл-аймақ, көше атауларын өзгертуде аз жұмыс істелген жоқ. Тіпті нөмірленудің өзі қате есептеліп, ауылдар мен ықшам аудандарға ат берілгенін көпшілігіміз жақсы білеміз.

Бүгінде Елбасының жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ кісі аттарына мейлінше шектеу қою туралы барлық билік тармақтарына қатаң ескертуіне байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерінің жобасы әзірленді. Кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіліп, бекітілді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған тізім алдағы уақытта объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде басшылыққа алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды.

Иә, заң талабына бас имеу мүмкін емес. Осыны біле тұра кейбір ағайынның «өз жақындарын» қайта-қайта комиссияға тықпалауы тыйылар емес. Мәселеге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Салтанат Қожағұловамен тілдесу барысында аудан тұрғындары тарапынан әлі де болса, аудан дамуына үлес қосқан танымал туыстарының есімін көшеге беру туралы хаттар толастамай отырғанын білдік. Өтініш берушілер жоғарыдағы аталған министрлік тапсырмасына көз жұма құрап, мәселе көтерілгенге дейінгі кісі есімдері беріліп келген мысалдарды қайталаудан жалықпай отырғанға ұқсайды.

Әр нәрсенің өзінің мезгілі бар. Ауыл арасына белгілі жандарды асыра мадақтап, оларды көшеге ұсыну қазіргі «Ережеге» қайшы. Ал, алты алашқа әйгілі ұл- қыздарымыз жөнінде әңгіме басқа. -Жүргізіліп отырған шара ономастика объектілеріне танымал емес адамдар есімдерін беруге жол бермеу, көшелерді ұлттық танымға жақын дәстүрлі ұғымдармен ішінара атау тұрғысынан маңызды. Жалпы, мұндай ұстаным қоғам тарапынан қолдауға ие.

«Тарихи тұлғалар» тізімінде 6 ғасырда дүниеге келген тарихи тұлғалардан бастап, күні бүгінге дейін 21 ғасырға дейін өмір сүрген ұлттың ұлы тұлғаларының есімі бар. Олардың қатарында: Ер Еділ, Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Шалкиіз жырау, Жиембет жырау, Үмбетей жырау, Адольф Янушкевич, Шортанбай ақын, Григорий Потанин, Жаяу Мұса, Ықылас Дүкенұлы, Александр Затаевич, Естай, Ақыт Үлімжіұлы, Жұмат Шанин, Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Халифа Алтай, Шара Жиенқұлова, Бердібек Соқпақбаев, Ермек Серкебаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей есімдері болса, Дәстүрлі атаулар қатарында: «Арай», «Байғазы», «Балауса», «Балдырған», «Береке», «Дарабоз», «Қазына», «Қансонар», «Өркен», «Тәуелсіздік», «Ырысты» ұғымдары бар, -дейді С.Қожағұлова. Қалай болғанда да, атаулар - ұлттық тарихи санамыздың қайнар көзі. Сондықтан ол тиянақтылықты талап етеді.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521