Кезекті «Мақат маңайынан...» айдарының кейіпкері, құндылық талғамы анық, ғылыми ой-өрісі кең, еліміздің тарих ғылымдарының қатарында шоқтығы биік тұлға ретінде ойып тұрып орын алатын жан, ауданның тарихын ғылыми тұрғыда жетілдіріп жүрген тарихшы Серік Қуанышев жөнінде болмақ.
Тарихшы кейіпкеріміздің тарихына үңілетін болсақ, сонау Ұлы отан соғысында герман фашистерінен отанын қорғау үшін қан майданда жан аямай күрескен, соғыс ардагері Орынғали Қуанышовтың ұлы.
Әкесі "қойнауы қара" алтынға толы Мақатта, мұнай саласында аянбай еңбек еткендер қатарында болды. Ол кісі еңбекті жаны сүйетін, талапшыл адам болған. Сондай батыр бабаның ұрпағы әке бойынан еңбекке деген құштарлықты жиып өседі. Кейіпкеріміз алғаш білім жолын М.Горький атындағы қазақ мектебіне аяқ басып, ол мектеп кезінде озат болып, ұйымдастырушылық жұмысқа жастайынан шыңдалған.
Кейіпкеріміздің айтуынша, М.Горький мектебінде оқып жүргенде қазақша тарихи кітаптардың саны аздық еткен.
«Мен басқа сабаққа қарағанда тарихқа бейімдеу болдым. Сол үшін де, арнайылап тарихи кітаптарды оқу үшін кітапханаға баратынмын. Тарих пәнінен сабақ берген ұстазым Қиық Жұмағалиев мені одан әрі тарихи ілімге баулыды.
Содан, әрі қарай осы салаға деген сүйіспеншілік мені мамандық таңдауда қателеспей, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орнына түстім. Сол оқу орнында көрнекті тарихшылардың У.Шалекенов, А.Чупеков, М.Елеуов, Ә.Хасенов, Қ.Қаражанов, Д.Дулатова, Б.Мекішев, А.Құсайынов пен Ә.Төлеубаев сынды ғалымдардың әр сабағын құлшыныспен тыңдай отыра, өз білімімді әрмен қарай шыңдап, ғылым жолына тереңінен үңіле бастайдым», - дейді кейіпкеріміз Серік Орынғалиұлы.
Сөйтіп, университетті аяқтай сала, алғаш еңбек жолын 1986 жылы сол кездегі тәртіп бойынша жолдамамен Ақтөбе облысы Шұбарқұдық поселкесіндегі Темір аудандық комсомол комитетінде қызмет жасайды.
Одан кейін, 1988 жылы Мақат поселкесіндегі орта мектепке белгілі бір себептермен мұғалімдік қызметке ауысады.
«Үйдің дәл жанында өзім білім алып шыққан мектеп болған. Ол кезде Қиық ағайым тарих пәнінен сабақ беретін. Мен сол мектепке барсам, ағайдың сағаты қысқарып қалатын болғасын, ағайға кедергі келтірмейін деп, жаңа Мақаттағы №76 Латип Шахатов орта мектебіне жұмысқа орналастым. Әрине маған оңай болмады. Ескі Мақаттан Шахатов мектебіне дейін автобус жоқ, машина жүрмейді, жаяу барып, жаяу келетін едім. Бірақ ол кезеңдерде жаспыз, ештеңеден қысылмай жүре беретін едім.
Мақат көбіне балшық болып, резеңке етік киіп, мектепке кіре сала аяқ киім ауыстырып жүруші едік. Ол мектепте бір жылдай жұмыс жасадым.
Содан, 1988 жылы Мақат ауданын Жылой ауданына қосып, Ембі ауданы деп өзгерткен болатын. Ол кезде ауданда ешқандай ұйымдар болмай, барлығы дерлік Құлсарыға қарайтын болды. Содан бір жыл уақыт жуықтағаннан кейін 1989 жылы, Мақат ауданын қайтадан ашып, мені тәжірибең бар деп, комсомолға шақырды.
Сөйтіп, комсомол комитетінің басшысы болып, өз туған өлкемде басшылық қызметке тағайындалдым. Мақат ауданы қайта ашылғаннан кейін, бұрынғы жас мамандарды қайта жұмысқа тарту керек болып, құлдырап кеткен жұмыс орындарын қалпына келтіру үшін, біраз жұмыстар жасадық.
Сонымен қатар, ол кезеңдерде Горбачевтың Жоғарғы кеңестің төрағасы болып сайланып жатқан кезеңі болатын. Сондай кезеңдерге тап келген едік.
Кезіндегі Байшонас, Қошқар, Сағыз деген әртүрлі мұнай поселкелері болды, солардың барлығымен байланыста болатынбыз.
Ал, біз комсомол ұйымы ретінде әртүрлі саяси, мәдени шаралар өткізіп жүрдік. Атап айтар болсақ, 1990 жылы бірінші рет ауданда наурыз мерекесін өткіздік. Сол заманда өте қиын кезең болды, көп нәрселер табыла қалмайтын, жұрттың көбінің қолында ақша бар да, ешқандай тауар жоқ болатын. Алайда біз комсомол комитеті ретінде және сол кездегі бірінші хатшы Бағыт Байсалықовпен бірлесе отырып лотерея ұйымдастырдық.
Ең үлкен сыйлық ретінде машина салдық. Сондай-ақ әртүрлі тұрмыстық заттар, көпшілік қауымға керекті заттарды ойнатып, сондай ауқымды жұмыстар атқарғанымыз есімде қалыпты.
Содан, 1991 жылы кеңес одағы ыдырап, комсомол комитеті және партия ұйымы жабылды. Мені сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау қаласындағы педагогикалық университеті, "Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп келгенсіз, мектепте жұмыс жасаған, тәжірибеңіз көп, сабақ беріңіз" деп жұмысқа шақырды. Содан Атырау қаласына жұмысқа орналастым», - дейді Серік Қуанышев.
Сол уақыттардан бастап кейіпкеріміз ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысуға кіріседі. Сөйтіп, студенттеріне білім мен тәрбиені бере жүріп, ғылыми жобаларды да қатар алып жүреді.
Осы ретте, әр халықтың тарихы құндылықтарының өміршеңдігімен бағаланатыны белгілі. Ол құндылықтар мыңжылдықтар тасасында қалғанымен, тұлғаға айналған ұрпақтары барда, қалайда жарқырап жарыққа шығары сөзсіз.
Кейіпкеріміз бүгінде ауданымыздың тарихын зерттеп, зерделеп жатқанын тілге тиек етті. «Тарихшы болғаннан кейін, өскен өлкемнің тарихын әртүрлі кезең бойынша жазып шықтық.
2018-2022 жылдар аралығында Атырау облысы архивін басқардым. Сол кезеңдерде әртүрлі тарихи кітап шығардық. Оның ішінде Мақат ауданының да тарихы да бар. Әсіресе 1917-1920 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі көптеген мәліметтерді мүмкіндігінше қамтыған болатын.
Атап айтар болсақ, Мақат ауданының 100 жылдығына байланысты 1946-1965 жылдар аралығындағы ауданның тарихын, архив деректерін жазып шыққан болатынмын. Алайда, әлі де жазатын тарихы өте көп.
Мысалы, кеңес дәуірінен бері қарай зерттелмей жатқан тарихымен таныс болғандықтан, әлі де зерттеп, қарау керек. Оның ішінде алғашқы мұнайшылар алдымен Доссорда, кейін осы Мақатта пайда болған.
Мақат өндірістік орын ретінде Доссормен қатар айтылады. Бір жылдары аудан орталығы Доссор болып, кейіннен Мақат аудан орталығы болды.
Мақаттағы жұмысшылардың қалыптасу тобына қатысты айтатын болсақ, жазылған еңбектер көп. Орталық мемлекеттік архивтерде және әртүрлі архивтерде алғашқы жұмысшылардың тізімдері бар. Қазіргі атақты мұнайшылардың тарихы 20-шы ғасырда басталған.
Бұдан басқа, ең алғаш қазақ Алаш автономиясы құрылды. Сондағы батыс Алаш орда өкіметі де Мақат пен Доссордың мұнайына байланысты осы жерде жақсы жұмыс жасады. Оның да тарихы бар, қазіргі уақытта оны да зерттеп жатырмыз.
Менің айтайын дегенім, Мақат туралы өте қызықты да ауқымды ақпараттар әлі де бар және қазақ тарихында ойып тұрып орын алатындай өлке», - дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, Серік Орынғалиұлының бүгінге дейін жеткен жетістіктері де жетерлік.
Соның бірі, «Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі Атырау облысы мемлекеттік архиві құжаттарында (1920-1940 ж.ж.)», «Мәңгілік тағзым: Атырау өңірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты екі томдық құжаттар жинағы, «Гурьев уезі зиялыларының өкілдері» атты еңбектердің жарық көруіне өз үлесін қосты.
2021-2023 жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі ретінде өлкеміздегі «Дін иелерінің қудалануы» мәселесі бойынша кешенді зерттеулер жүргізген болатын.
Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихшы-ғалымдарымен бірлесе отырып, «Қазақстанның батыс өңірінің әскери тарихы (XVIII-XX ғғ.)» атты кешенді зерттеуге мүше ретінде қатысып, қомақты ғылыми мақалаларын жариялады.
Бүгінгі айдарымыздың кейіпкері Серік Қуанышев жұмысына өте жауапты, еңбекқор және беделді азамат. Бірнеше рет ректорат, деканат тарапынан алғыс хатқа да ие болған. Оны әріптестері мен студенттері және де тарихқа жаны құмар жандар білікті маман ретінде құрметтейді.
Қойнауы қара алтынға тола құтты мекенде өмірге келіп, сол өлкенің тарихын кеңінен зерттеп жүрген Серік Қуанышев осы өңірдің ғылымы мен тарихының дамуына қосқан үлесі үшін ойып тұрып орын алары сөзсіз!
Гүлдана Жұбанышқалиева