Апта басында облыстық «Атырау» газетінің күндері ауданымызда жалғасын тапты. Сейсенбі күні аудан әкімдігіндегі мәжіліс залында оқырманның баспасөзге деген көзқарасы, пікірлері мен ұсыныстары ортаға салынды.
Еркін пікір алуға шақырған жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Оксана Айкашева жүргізіп отырды.
Оқырмандардың ой-пікірі тыңдалып, олардың ұсыныстарымен санасқан жиында қазіргі таңдағы газет төңірегіндегі бірнеше мәселелер қозғалды. Соның ішінде қағаз басылымдардың тіпті республикалық көлемде тарайтын "мүйізі қарағайдай" газеттердің таралым санының күннен-күнге түсіп бара жатқаны сөз болды.
Сөз болып қана қоймай, 97 жылдық тарихы бар облыстық "Атырау" газетінің таралым санын сақтап қалу жолында жасалатын жаңа қадамдар мен бетбұрыстар аталды.
Жиында аудан тұрғындары, ақсақалдар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Заң, спорт саласындағы жазылған еңбектер толықтырылып, өзге де өтініштер ескерілсе деген оқырмандар тілегін құп алған арнайы ат басын бұрып келген қонақтарға ақсақалдар алғысын білдірді.
Толығырақ газетіміздің №46 (952) санынан оқи аласыздар.
А.САДЫКОВ,
суреттер автордікі