Атырау қаласында ұйымдастырылған «Iftar time» кешінде доссорлық ана үшін ерекше тосын сый жасалды. Қайырымдылық ауызашарына арнайы қонақ ретінде шақырылған ол күтпеген жерден жаңа үйдің кілтіне ие болды. Баспана «ASAR NAURYZ 100 отбасы, 500 бала» акциясы аясында «Asar Ume» қайырымдылық қорының атынан тапсырылды.
Ләззат Бүркішова мейірімді жандардың көмегімен аяқ астынан үйлі болғандағы сезімін сөзбен айтып жеткізе алмады. Төрт баласы бар жалғызбасты ана үшін бұл үлкен қуаныш. Оның енді Доссор кентінде 8 бөлмелі үйі бар. Жалғызбасты ана бұрын Доссор кентінде қоныстанып, үлкен ұлы студент атанғалы бері Атыраудың Томарлы ықшам ауданында үй жалдап жүруге мәжбүр болған. Оның үстіне бір баласы логопедтің көмегіне жүгінсе, бір баласының жақын арада мүгедектігі рәсімделуі тиіс.
Елге танымал «Asar Ume» қорының Атырау облысы бойынша өкілдерінің бірі жерлесіміз Талғат Құсайыновтың айтуынша, жақын арада тағы бір доссорлық отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ